Қазақ даласында алғаш рет шопан ата түліктері аукцион арқылы сатылды
Қой шаруашылығының қазынасы. Алматы облысында асыл тұқымды жануарларды өсіретін мамандардың II сьезі өтті. Араға төрт жылдан астам уақыт салып жеткен шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген шаруалар өнімдерімен таныстырды. Ағаш рет ұйымдастырылған аукцион кезінде тұрғындар малдың жаңа тұқымын сатып алуға тырысқан. Бәс сауданың қызығы қалай өтті?
Автор: Бауыржан Жақсымбет
29.08.2019
Жамбыл ауданы бүгін асыл тұқымды жануарға толы болды. Көпке танымал Еділбай қойынан бастап, шет елдің етті түліктері де осында. Ұзақ жылдан бері аталмыш іспен айналысып келе жатқан шаруалардың кәсіпті жақсы меңгеріп алғаны көрініп тұр. Жыл сайын мониторинг жасап бақылап отыратын ғылыми зерттеу институтының мамандары қазір мемлекеттің де бұл бастамаға ерекше назар аударып отырғанын жеткізді.
Нұржан Жұмаділлаев, Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндіру институтының бас директорының орынбасары:
- Қой шаруашылығына мемлекеттен жақсы көмек беріліп жатыр. Бұл асыл тұқым шаруашылығында субсидия ретінде аналық басына қойды ұрықтандырған кезінде 2500 теңге береді. 10 тұқымнан көп деп ойлаймын.
Көрмедегілердің көзіне түскен қой тұқымының бірі – гиссар. Салмағы 180 келіге дейін жететін жануарды әлемдік нарықта 16 000 долларға дейін саудалаған. Денесінің ірілігі мен еттілігінің жоғары болуына байланысты тұрғындар қошқарын сатып алуға тырысып жатыр.
Қазақ даласында алғаш рет шопан ата түліктері аукцион арқылы сатылды. Әрбірінің құны тұқымына сай нарықтағы бағасымен белгіленген. Ең бірінші болып Иль де Франс етті қойы 50 мың теңгемен шығарылып, бәс сауда кезінде 60 мың теңгеге өтті. Ал Орталық Азиядағы кеңінен танымал болған Гиссар тұқымының қошқарын 200 мың теңгеге Жаркент өңірінің азаматы Дархан Наймантаев сатып алды. Бүгінде 200 бас малы бар шаруа, енді ары қарай тек таза қанды қойларды асырауды көздеп отыр.
Дархан Наймантаев:
- Бір қошқар 50 қойға дейін шығарады ғой. Сондықтан қымбатқа аласың, есесіне кейін оның жемісін көресің. Таза қанды қошқарлар аласың, сондықтан қошқардан аямау керек деп ойлаймын.
Жалпы бәссауда кезінде 30-дан астам қой 2 жарым миллион теңгеге сатылған. Шаруалар бір-бірімен тәжірибие алмасып қана қоймай, кейбірі жаңа тұқымды өсіруге кірісіпті. Ал ғылыми зерттеу институтының мамандары мұндай шаралардың жиі өтуі кәсіптің алға қарай дөңгеленуіне зор ықпал жасайды дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!