{metadescription}
Петропавлда аутизммен ауыратын балаларды мектепке алмай қойған
Петропавлда аутизммен ауыратын балаларды мектепке алмай қойған

Петропавлда аутизммен ауыратын балаларды мектепке алмай қойған

Жаңа оқу жылы Петропавлда айқай-шумен басталайын деп тұр. Себебі, аутизммен ауыратын балалар 1-ші  қыркүйек – Білім күнінде мектеп табалдырығын аттай алмауы мүмкін. Коррекциялық мектеп басшылары дәрігерлер рұқсат бермеді деп, оларды үйден оқыту жөнінде шешім шығарыпты. Алайда шыр-пыр болған ата-аналар анықтаманың заңсыз екенін айтып құзырлы орындарға арыз жазды.

- Ол мектепке барғысы келеді, ал біз болсақ мұнда төрт қабырғаға қамалып отырмыз.

Сегіз жастағы Артем биыл екінші сыныпқа баруы тиіс. Өзі де, ата-анасы да жаңа оқу маусымының басталуын асыға күтіп жүр. Өйткені аутизмге шалдыққан балақай былайғы күнде томаға-тұйық. «Ал мектепке барса, өз қатарластарымен араласып, ауруын ұмытады», - дейді анасы. 

Татьяна Ковалева, «Менің балам» Қоғамдық қорының басшысы:

- Былтыр балам мектепке барып өзіне дос тапты. Олар бір-бірімен жақсы түсінісетін. Денсаулығы дімкәс балаларға осындай орта керек.

Аутизмге шалдыққан балақайлар арнайы коррекциялық мектепте білім алып келген. Алайда екінші сыныптың оқу бағдарламасын енді олар үйден орындауы мүмкін. Өйткені мектеп басшылығы дәрігерлердің берген медициналық анықтамасына сүйеніп сондай шешімге келдік депті.  

Татьяна Ковалева, «Менің балам» Қоғамдық қорының басшысы:

- Міне, мынадай анықтама көрсетті. Мен оны мектепте апарған емеспін. Балам дәрігерлердің тексерісінен де өткен жоқ. Сонда мектеп басшылары бұл құжатты қайдан алды? Қандай қорытындыға сүйеніп анықтама жазған? Түсінсем бұйырмасын.

Ата-аналарды аң-таң қылған анықтаманың қайдан шыққаны сол күйі белгісіз. Ал медициналық құжатқа қол қойған дәрігерлерді жұмыс орнынан таба алмадық. Десе де, өзге дәрігерлер науқастың денсаулығы туралы анықтама «кез келген адамның қолына беріле бермейді» дейді.

Татьяна Евтушенко, СҚО психикалық денсаулық орталығының бөлім меңгерушісі:

- Науқастың денсаулық жағдайын білу үшін оны біз толық тексереміз. Бірнеше дәрігердің бақылауынан өтеді. Ал медициналық анықтама науқастың өзіне немесе заңды өкіліне беріледі. Бөтен біреудің медициналық анықтама жасатып алуына жол жоқ.

Мектептегі медициналық анықтаманың заңды немесе заңсыз екенін енді құзырлы орындар анықтайды. Өйткені аутизммен ауыратын балалардың ата-аналары прокуратураға арыз жазды. Ал мектеп басшылығы дәрігерлер рұқсат берсе, кез келген баланы оқытуға дайынбыз деп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде