Ақтөбедегі сұйытылған газ тапшылығы жұрттың үрейін туғызды
Ақтөбеде сұйытылған газ тапшы. Бірнеше бекетте тек талонмен беріледі. Оның өзінде көлік жүргізушілері ұзын-сонар кезекке тұруға мәжбүр. Ал жауапты мамандар газ тапшылығы «уақытша» деп отыр. Себебі, тамыз айына бөлінген көгілдір отын мерзімінен ерте бітіп қалған.
Автор: Жаңалық Ахаш
29.08.2019
Қазір Ақтөбедегі автогаз құю бекеттерінің барлығы жабық тұр. «Газ жоқ» деген тақтайша іліп қойған. Ал сұйық отынды талонмен беретін бірер бекетте ұзын-сонар кезек. Көлік жүргізушілері газ тапшылығы «бағаны көтеру үшін әдейі қолдан жасалынып отыр» деп күмәнданады.
- Газ жоқ. Эко газ да жоқ. Ақжар жақта да жоқ. Бүкіл бекеттерде жоқ. Тек қана осы жерге келдім, көреміз. Бензин бағасы қымбат. Газ тиімді. Жақында оқу жылы басталады. Балаларды мектепке тасимыз.
- «Жоқ» деп жатыр. Барлық жерге барамыз, жоқ. «Газ жоқ» деп, артынан қымбаттату үшін істеп оотырған сияқты.
Ақтөбеде қырыққа жуық газ құятын бекет бар. Тамыз айында оларға 9900 тонна әлеуметтік газ бөлінген. Бірақ ол бір айға жетпей таусылып қалыпты. «Жағдай тек келесі аптада тұрақталады», - дейді жауапты мамандар. Оған дейін тек талонмен ғана беріледі. Онымен қоса сұйық газдың құны өсетінін де жасырмайды.
Алтынай Мұқанова, Ақтөбе облыстық газ тасымалдаушылар қауымдастығының төрайымы:
- Былтыр дәл осы уақытта біздің облысқа 12 мың тонна газ бөлді. Биыл азайтып тастады. Онымен қоса көлік те көбейді. Осыдан тапшылық болып отыр. Қазір әлеуметтік газды министрлік азайтып, биржалық газды көбейтіп жатыр. Сондықтан келер айдан бастап бағасы да өседі.
Энергетика министрлігінің Ақтөбеге бекіткен газ көлемі 10 мың тоннаға жетпейді. «Бұл – сұранысты толық қамти алмайды», - дейді газ тасымалымен айналысатындар. Себебі, аймақта жеңіл көліктің барлығы газбен жүреді. Одан бөлек транзиттік көліктер бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!