Ақтөбедегі сот: Пышақтап өлтірген балаға тапанша кезепті
Ақтөбеде өз қатарласын пышақтап өлтірді деп айыпталған оқушыға қатысты сот басталды. Оқиға осыдан сегіз ай бұрын Шалқар қаласында болған. Ол кезде коньки тебуге барған екі мектептің оқушылары қаланың қақ ортасындағы мұз айдынында төбелескен. 16 жастағы бозбала қарсы келген қатарласының жүрегіне пышақ тығып алады. Айыпталушының анасы баласының мұндай қылмысқа қорғану үшін барғанын айтады. Жасөспірімдер арасында болған сол қанды оқиғаның мән-жайы қалай?
Автор: Жаңалық Ахаш
02.09.2019
16 жастағы сотталушы бүгін Шалқардағы 6-шы мектептің 11-ші сыныбында отыруы керек еді. Алайда құрдасын пышақтағаны үшін сегіз айдан бері қамауда отыр. Оған тағылған айып та ауыр: қасақана адам өлтіру.
Айнұр Досмұрзаева, мемлекеттік айыптаушы:
- Дәулетиярға қасақана қаза келтіруге оңтайлы сәт деп бағалап, оң қолына ұстап қаруланған жиналмалы пышағымен оның өміріне маңызды жүрек тұсына бағыттап, бір рет соққы жасап пышақтап, дене жарақат келтіру арқылы оқиға болған жерден бой тасалап қашып кеткен.
Оқиға сегіз ай бұрын Шалқардағы мұз айдынында болды. Екі мектептің оқушылары төбелесіп, соңы Мирасбек Дәулетиярдың өлімімен аяқталды. Ең сорақысы, қансырап жатқан жасөспірімге ешкім жедел жәрдем шақырмаған. Таксимен аурухана ауласына тастап кеткен. Енді марқұмның туыстары сотталушыға «еш кешірім жоқ» деп отыр.
Жұмабек Оразалин, марқұмның әкесі:
- Өмірден түңіліп кеттік. Заң бар ма, жоқ па, түсінбей қалдық. Енді өзі мойындап тұрған адамды сегіз ай бойы қалай тексере береді? Соны түсінбедім. Толық жазасын алғанын қалаймын. Толық, әділ жазасын алсын!
Сотталушының анасы ұлының қылмысқа қорғану үшін барғанын айтады. Өйткені қайтыс болған бала достарымен бірге оны соққыға жығып, тапаншамен қорқытқан көрінеді. Тек пышақ сұққан ұлын ғана емес, сол жерде төбелеске қатысқан жиырма баланы жазалау керек деп отыр.
Алмагүл Сүлейменова, айыпталушының анасы:
- Сегіз бала тепкілеген, оған қоса тапаншасын тақаған. Он алтыға толмаған баланың басына тапанша кезегенде оның жағдайы қалай болатынын білесіздер ғой. Қайтыс болған бала менің ұлымның маңдайына тапанша кезеген. Оның қасындағы жиырма бала қайда? Жанашыр балалар күшті болып, төбелескенде жақсы. Менің баламды қиянатқа итергенде – жақсы. Бүкіл бейнетті менің балам көріп отыр. Ол жақтағы жиырма бала талтаңдап жүр.
Жасөспірімге қатысты сот енді басталды. Оның қанша уақытқа созылары белгісіз. Себебі, оқиға куәгерлерінің барлығы Шалқар қаласынан шақыртылады. Сондай-ақ, сотталушы істі алқа билердің қарауынан бірден бас тартқан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!