{metadescription}
Зауыттағы жарылыстан екінші азамат көз жұмды, тағы біреуінің өмірі қыл үстінде
Зауыттағы жарылыстан екінші азамат көз жұмды, тағы біреуінің өмірі қыл үстінде

Зауыттағы жарылыстан екінші азамат көз жұмды, тағы біреуінің өмірі қыл үстінде

Алматы облысында зауыттағы жарылыстан зардап шеккен екінші азамат көз жұмды. 38 жастағы жігітке дәрігерлер шұғыл түрде ота жасаған. Бірақ ол сол күйі есін жимады. Ақ халаттылар ауыр халде жеткізілген үшінші жұмысшының да өмірі қыл үстінде екенін айтады. Ал жарылыс болған зауыттың жұмысына тұрғындар қауіпсіздіктің сақталмайтындығын айтып талай мәрте шағымданған екен. Бірақ ешкім шара қолданбаған. Тек құбыры тұрғын үйлердің төбесіне құлағанда ғана қимылдап отыр.

Зуыттан келген залал қандай?    

Зауыттан ұшқан алып құбыр көктен құлаған зымырандай жолындағының бәрін жайпап өтті. Көліктерді қаңылтыр құрлы көрмей, қас бен көздің арасында ауыл ортасын аласапыран қылды.

- Мына жаққа келсеңдерші, ей жігіттер!

Сол жерде  бір адам көз жұмып, екі адам аса ауыр халде аурухана жеткізілген. Дәрігерлер қолдан келген көмекті көрсеткенімен, оның біреуін құтқарып қалу мүмкін болмады.      

Тұрар Әшімақын, Қарасай аудандық орталық ауруханасының дәрігері:

- Бас сүйегін тесіп ота жасалды. Жағдайы өте ауыр болғандықтан, отадан кейін қайтыс болды.

38 жастағы тепсе темір үзер жігіт сол күйі есін жимаған. Дәрігерлер оның аяқ-қолы, кеудесінің оңбай күйгенін айтады. Соған жүрегі шыдамаған. Үшінші жұмысшы да дәл сондай дене жарақаттарын алған. Оның да өмірі қыл үстінде. Ал ұзындығы 28, диаметрі екі метрлік алып құбыр екі үйдің ортасына құлаған. Жолында жатқанның бәрін жапырған оның жойқын күшінен тастар жан-жақа атқылап, маңайдың астан-кестеңін шығарыпты.   

Жарылыс кезінде бір қатерден аман қалған – Қоңқабаевтар отбасы. Сол күні үйде екі адам болыпты. 14 жастағы қызы мен 47 жастағы отағасы. Абырой болғанда, жанұя мүшелері көрші бөлмеде отырып жаны аман қалған.

Айнаш Өтеева, Райымбек ауылының тұрғыны:

- Жерге бомбы түскендей болды. Не болғанын да білмей қалдық дейді. Не істерімізді білмей қалдық. Далаға шығайық десек, тастар ұшып жатыр дейді. Есі шығып, қатты қорқып кеткен. Құдай жарылқап, үйдің сырты ғана бұзылды, адамның өмірін алып кетсе не болады?! Мына жерде біреуіміз жатырмыз, мынау бері қарай құлады.

Абырой болғанда, аулада адам болмаған. Әншейінде осы маңайда ойнап жүретін балалар да үйінде отырыпты. Құбыр құлаған жерде жеке балабақша да бар екен.  

- Кеше демалыс күні балалардың періштесі қаққаныай! Мынаның бәрін жарып жібергенде не болар?

Мәліметтерге қарағанда, газблок-тас шығару кезінде пеште қысым көбейіп,  жарылыс содан болған. Тұрғындар бұл зауыт қауіпсіздікті сақтамайды дейді. Ашылғанына 12 жыл болған. Содан бері маңайды түтіндетіп келеді екен. Өткір иіске тұншыққан халық талай мәрте әкімдікке арызданған. Бірақ ешқандай шара қолданылмапты. Қазір де, жергілікті билік шешім қабылдауға асықпай отыр.  

Елжан Түленбаев, Райымбек ауылдық округінің әкімі:

- Оны қазір анықтайды ғой. Кезінде рұқсатты кім берді, қалай берілді? Тиісті мамандар тексереді. Қалай болатынын жұмыс барысында көре жатармыз, тиісті рұқсаттары бар екенін. Тиісті рұқсаттары болмаса, жабылатын болса, зауыт жабылады. Мамандар сараптама жүргізіп жатыр, көре жатармыз.

Ал тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын анықтаумен емес, жарылыс болған зауыттың басшысын қорғаштаумен әлек.

- Тиіспеңіз деймін! Кірмейсіз! 

- Неге кірмеймін?

- Тергеу жүріп жатыр. 

- Сіз журналистердің жұмысына кедергі келтіріп жатырсыз, оны білесіз бе?

Түсініктеме берудің орнына қолын сермеген зауыт басшылығы ақыры кеңсесіне кіріп жоқ болды. Ал екі бірдей адам ажал құшқан жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде