Жолдау: Елімізде не өзгереді?
Елімізде педофилдерге жаза күшейеді! Бүгін Президент ретінде халыққа алғашқы Жолдауын жариялаған Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнесті табыс салығынан босатып, қалғып-шұлғып жүретін мемлекеттік қызметкерлердің санын қысқартуға қатаң тапсырма берді. Әрі басы даудан арылмаған Ішкі істер министрлігін реформалап, саны көп, сапасы жоқ тұрғын үй бағдарламаларын азайтып, бір жүйеге келтіруді тапсырды. Сонымен кімдердің жалақысы артып, елімізде не өзгереді?
Автор: Досжан Маратұлы
02.09.2019
Екі айдан бері бос тұрған Парламент ғимаратына бүгін жан біткендей. Каникулдан оралған депутаттар ғана емес, аймақ басшылары мен министрлер кабинеті тегіс осында жиналған. Өйткені бүгін президент жаңа саяси маусымды ашып беріп, халыққа 40 минут бойы алғашқы Жолдауын жариялады. Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен адам зорлайтын азғындар мен браконьерлерге қатысты жаза күшейтуге пәрмен берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз заңнаманы ізгілендірумен айналысып, азаматтардың негізгі құқықтарынан естен шығардық. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және жеке адамға, әсіресе балаларға қатысты басқа да ауыр қылмыстар үшін жазаны шұғыл күшейту қажет.
«Дегенмен жазаны қатайтып, қылмыскерлермен күресу үшін полицейлерге де жағдай жасалу керек», - деді президент. Сондықтан басынан дау арылмайтын Ішкі істер министрлігін тағы реформа күтіп тұр. Оған алдағы үш жылда 173 миллиард теңге бөлінбек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл қаражат жалақыны көбейтуге, жалдамалы баспана алуға, ХҚКО қағидаты бойынша заманауи полиция бөлімшелерін құруға жұмсалады. Бірінші кезеңде Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын 2020 жылдың соңына дейін қайта құру қажет. Мұны сапалы және науқаншылдықсыз жүргізу қажет.
Президент аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жылдың ішінде шешуді де тапсырды. Айтуынша, қазір осындай пәтерге мұқтаж 30 мың отбасы бар. Оларды шаршы метрмен қамту үшін 240 миллиард теңге бөлінбек. Сондай-ақ, президент 2020 жылдан шағын және орта бизнесті дамыту үшін бизнесті тексеруге мараторий жариялайтынын айтты. Кәсіпкерлер үш жылға табыс салығынан босатылмақ. Тағы бір жаңалық – мұғалімдерден кейін мәдениет саласында жұмыс істейтіндердің жалақысы артпақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе.Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды.
Тұрғын үй бағдарламасы демекші, президент аталмыш саланы дереу ретке келтіруді бұйырды. Өйткені бір-біріне қарама-қайшы түсініксіз бағдарламалар шаш етектен. Сол үшін Үкімет барлығына қол жетімді жаңа тұрғын үй моделін жасауы керек. Экономиканы әртараптандырып, өнеркәсіпті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың жағдайын арттыру мен жемқорлықпен күрес те қашанғыдай өзекті мәселе.
Сондай-ақ, президент 2024 жылға дейін мемлекеттік және ұлттық компания қызметкерлерінің санын қысқартуды да тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- 2020 жылдан бастап біз мемлекеттік қызметкерлердің санын біртіндеп қысқарта бастаймыз және босатылған қаражатты ең пайдалы деген жұмысшыларды материалдық ынталандыруға қолданамыз. 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық компаниялардың қызметкерлерін 25 пайызға, яғни төрттен бір бөлігіне қысқарту керек.
Жолдаудағы тапсырмаға сай, енді әкімдер халыққа тәуелді болмақ. Яғни, сауалнама нәтижесінде тұрғындардың 30 пайыздан көбі ауыл немесе қала әкімінің жұмысына көңілі толмаса, бұл арнайы комиссия құруға негіз болады. Тексеріс кезінде олқылығы расталса, қызметінен айрылуы да ғажап емес. Жалпы үндеуде айтылған шаруа шаш-етектен. Бастысы – стратегиялық құжаттағы міндеттерді қалай орындайтынын Үкімет ертең жария етпек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!