Облыстық мәслихат депутаты ауыл тұрғындарын жайылымсыз қалдырған
Алматы облысында жайылымға зар болған ауыл тұрғындары жергілікті депутатпен жанжалдасып жатыр. Айтуларынша, Асысаға ауылының маңындаңы 10 мың гектардан аса аумақ облыстық мәслихат депутаты Жанкелді Осан мен оның туыстарына тиесілі. Бұған малын жая алмай отырған жұрт наразы. Жері жоқ Асысаға тұрғындары жайылымды көршілес ауылдардан жалға алып жүр.
Автор: Әсем Қабылбек
03.09.2019
Соңғы екі жылдан бері Асысаға елді-мекеніндегі жұрт жайылымдық жерге зәру. Жергілікті халықтың айтуынша, ауылдың маңындағы жерлер тұтастай бір отбасының қолына өткен. Соның салдарынан малдарын тауда ұстауға мәжбүр.
Марат Шынсызбаев, Асысаға ауылының тұрғыны:
- Асысаға ауылын айналдыра түгел Жанкелді Осанов деген облыстық мәслихаттың депутаты мемлекеттік актімен 12 мың гектар жерді алып алған. 2017-ші жылы. Қазір шетке шығуға жағдай жоқ.
450 түтіні бар ауылдағы жұрттың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Кезінде Асысағаның даңқы қой өсірумен шыққан. Қазір мұндағы жайылымдық жерлердің 80 пайызы бір отбасы мүшелерінің қолында. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ұсақ және ірі малды таудың етегінен төменге түсірмейді. Кейбірі жерді жалға алады.
Мамырбек Болатбай, Асысаға ауылының тұрғыны:
- Мал бағайық десек, алақандай жеріміз жоқ. Ана жерге барсақ – Жанкелдінің жері, мына жерге барсақ – бәленнің жері. Азынаулақ мал жайсақ, оны шошаңдатып ана жерден қуады, мына жерден қуады.
Бейсен Тәжиев, Асысаға ауылының тұрғыны:
- Жайылым жетпей қырылысып жатқанымызға 3 жылдай болды. «Халықты бөлмеңіздер, топты бөлмеңіздер» дедік. Мысалы, бір адамға мүмкіндігінше патша болатын болсын, басшылық органдардың барлығы халыққа бірдей қарасын. Себебі, бір адамға 13 мың гектар жер бөліп беріп, ал бір адамға 1 гектар жер жоқ. Сонда біз не істейміз?
Асысағадағы ақсақалдар Еңбекшіқазақ ауданының әкімінен бірнеше рет көмек сұраған. Бірақ одан қайыр жоқ. «Жерді бәріне теңдей бөліп берсе» деген көптің тілегі әзірге арман. Облыстық мәслихат депутаты Жанкелді Осанның туған қарындасы бұл уәжбен келіспейді. Ауылдағы мектепті басқаратын Ләйлә Осанова өздеріне тиесілі жерді «ата-бабам мұраға қалдырды» дейді.
Ләйлә Осанова, Жанкелді Осанның қарындасы:
- Әкем де, шешем де мал шаруашылығымен айналысқан кісілер. Қайтыс болған кезде бізге – әр баласына мұрагерлікке бөліпбөліп берген малы бар. Біз сол малға байланысты малдың санына қарай алған жерлеріміз. Бәрі заңды тіркелген. Ешқандай, ешкімнің артық жері алынды деген сөз емес.
Еңбекшіқазақ аудандық жер қатынастары бөлімі 10 мың гектардан аса жердің Осановтарға тиесілі екенін растады. 2013-ші жылдан бері байқау арқылы ауыл шаруашылығы мақсатында берілетін жерлерді тіркеген. Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қайрат Қыдырбаев тіпті Осановтардың төрт түлігіне қазіргі жер «тарлық етеді» деп ақтап отыр.
Қайрат Қыдырбаев, Еңбекшіқазақ аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
- Осановтарға берілген жерді алу... олардың өздерінің малдарына да жер жетпей жатыр. Ешқандай Жер кодексінің заңы бұзылмаған. Бұл ауылдың маңындағы жерлер емес.
Алайда жер қатынастары жөніндегі заңгер мұны заңбұзушылық деп есептейді. Былтыр Жер кодексінің 84- бабы 2-тармағына өзгеріс енгізілген. Оған сәйкес, ауыл шаруалығы мақсатында берілген жерді мемлекет қайтара алады.
Бақытжан Базарбек, заңгер:
- Әрбір ауылдық елдімекен маңында радиуске сәйкес, еркін мал жаюға берілген жерлер белгіленеді. Ол үшін бұрын беріліп қойған жерлер мемлекеттік қажеттілік үшін алынуы тиіс.
Асысаға ауылының тұрғындары енді сотқа талап, арыз қалдырмақ. Себебі, ауылдағы ағайынның жалғыз табыс көзі - мал шаруашылығы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!