Жаңаөзен жұртының жанайқайына Маңғыстау облысының әкімі келді
Жаңаөзенде наразылық шарасы жалғасуда. Мұнайлы өңірде шетел компанияларының бой көтеруіне қарсылық білдіріп орталық алаңға жиналған жұртқа бүгін Маңғыстау облысының әкімі арнайы келіпті. Шетелдік компаниялар келсе, сол елдерден жұмыс күші де ағылады деп алаңдаған тұрғындар онсыз да жұмыс орындарының өздеріне жетпей жатқанын айтады. Ал Серікбай Тұрымов халықты сол қауесетке сенбеуге шақырды.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
03.09.2019
Жаңаөзеннің орталық алаңына жиналғандар саны бүгін 300-ге жеткен. Билік өкілдеріне өкпесін жеткізу үшін, тіпті, Ақтаудан ат терлетіп келгендер де бар. Жұрттың наразылық білдіруіне Маңғыстау облысында жаппай шетелдік компаниялар салынатыны туралы ақпар себеп болған. «Бұл рас болса, өңірде сол елдерден келетін жұмысшылар қаптайды», - дейді тұрғындар. Сөйтіп, отандастарымыз өз жерімізде екі қолға бір күрек таппай қалуы мүмкін. Олардың айтуынша, Жаңаөзенде онсыз да жұмыс тапшы. Сондай-ақ, шетел компаниялары қандастарымызды жұмысқа алған күннің өзінде ең ауырына жегіп, айлықтарын шайлықтарына жеткізбей береді дейді.
- Бәріміз біріміз үшін.
Жиналғандар кеше Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаевпен кездескен еді. Бірақ жұрт оның сөзін місе тұтпады. Сондықтан бүгін Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов арнайы келген. Ол алдымен халықтың талабын тыңдады. Артынша әкім өңірде шетелдік кәсіпорындардың салынбайтынын айтты.
- Зауыт бұл жерде салынбайды.
Алайда жұрт Серікбай Тұрымовтың сөзіне де сене қойған жоқ.
Нұрсұлтан Түгел, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
- «Салынбайды» деген нақты бізге кепіл керек, сонда ғана сенемін, оған дейін сенбеймін.
Алаңдағы жұрт осылай тарқасты. Олар: «Талабымызды орындатпайынша, наразылық шарасын жалғастыра береміз» дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!