Зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігі кімге бұйырады?
Бірінші кезекте – бюджет қызметкерлері! Зейнетақы қорындағы жинағының бір бөлігін зейнет жасына жетпей алатындарға қатысты премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев осылай деп мәлімдеді. Айта кетейік, оны ел азаматтары үй алу немесе білім алу сынды керегіне жарата алады.
Автор: Ербол Тұрымбет
03.09.2019
Бердібек Сапарбаев, Премьер-министрдің орынбасары:
- Ең бірінші кезекте біз осы бюджеттік мекемеде жұмыс істейтін адамдарға, одан кейін тұрмысына қарап анықтаймыз. Бірақ оны есептеу керек. Қанша ақша керек, қанша жылға керек деген сияқты. Оның қанша жинаған қоры бар, содан кейін барып оны дәлелдеуге болады.
Зейнеткерлікке шықпастан қорға жиған ақшасының бір бөлігін алатындардың мәселесі кең көлемде қаралмақ. Оған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге Ұлттық банк және басқа да тиісті орындар атсалысады. Жалпы, Жолдауда айтылған тапсырмаларды орындау бойынша Үкімет Жалпыұлттық жоспар құрмақ. Барлық мемлекеттік органдар екі күн ішінде өз ұсыныстарын береді. Одан соң Ұлттық экономика министрлігі Жалпыұлттық жоспардың нобайын Үкіметке ұсынады.
Асқар Мәмин, Қазақстан Республикасының премьер-министрі:
- Мемлекет басшысына бекітуге енгізу үшін келесі отырыста Жалпыұлттық жоспардың жобасын мақұлдауымыз қажет. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бірінші басшылар дербес жауапты екенін назарларыңызға саламын. Президенттің әрбір тапсырмасын орындау қатаң бақылауға алынып, орындалының нақты мерзімі белгіленуі қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!