Алматы облысы: Тендердің әлегінен бүтін бір ауыл балабақшасыз отыр
Алматы облысында жалғыз балабақшаның ашылуын күткен жұрттың төзімі таусылды. Еңбекшіқазақ ауданының Асысаға ауылындағы тұрғындар шағын орталықтың болашағына алаңдаулы. 50 баланы тәрбиелейтін мектепке дейінгі мекеме мамыр айында күрделі жөндеуге деп жабылған. Содан бері есігі құлыптаулы. Күз келсе де, жоспарлы жұмыстың басталар түрі көрінбейді.
Автор: Әсем Қабылбек
04.09.2019
2300-ден аса тұрғыны бар Асысаға ауылындағы шағын орталықта 50 бала тәрбиеленген. Күрделі жөндеуге жабылған екі қабатты ғимарат қаңырап бос тұр. Шатыры әбден тозған. «Күзде ашылады» деген мекемеде әлі жөндеу басталған жоқ. Ата-аналар атқамінерлердің құрғақ уәдесінен шаршаған. Бірнеше немересін жетектеген әжелердің де жұмысы қауырт.
Сағындық Даниярова, Асысаға ауылының тұрғыны:
- Мысалы, менің немеремнің анасы ауруханада жұмыста. Балаға мен қарап отырмын. Осындай апасы барларға кім қарайды? Жұмыстағылар баласын балабақшаға беруі керек қой. Білмеймін. Екіүш айда жөндеуден өткізе алмаса, енді қалай үлгермек? Ешкім оны бізге түсіндіріп айтпайды.
Құрманбүбі Қожабекова, Асысаға ауылының тұрғыны:
- Бала отқа түсіп кете ме, суға түсіп кете ме деп қарауылдап қарап отырмыз. Каналдың артында су ағып жатыр. Міне, балабақшаға әлі жөндеу жасалған жоқ. Жабылады деп ішіндегі тұрған заттың бәрін таратып жіберді.
Шағын орталық маңында қазір өзге құрылыстың қызған шағы. Көршілес тұрған мектепке су құбыры тартылуда. Айнала қазылған шұңқырлар балаларға қауіпті. Тұрғындар соған да алаңдайды. Ал шағын орталықтағы дүниені «талан-таражға салды» деген сөзді мектеп директоры жоққа шығарды. Спорт залдың есігін ашып, жинаулы тұрған мүлікті көрсетті.
Ләйлә Осанова, Т. Қабылов атындағы орта мектептің директоры:
- 2008 жылдан бері келген дүниесі түгел мына жерде тұр. Біздің бірінші ғимаратта балалардың қысыжазы ойнайтын спортзалы. Қазір мен осы спортзалда шағын орталықтың заттарын қойып, сақтап отырмын.
Он жыл бойы мектептің қарамағында болған шағын орталық дербес балабақша ретінде құрылмақ. Бұл көпшіліктің өтінішінен соң қолға алынған іс. Жергілікті халықтың пікірінше, жөндеу жұмыстарының кешігуіне басты себеп – тендер айналасындағы тайталас.
- Іскер азаматтар таласқанда.. босқа қалып отыр. Мына біздің өсіп келе жатқан немерелеріміз қазір көшеде қалды.
Ал Еңбекшіқазақ аудандық әкімдігіндегілер мемлекеттік сатып алулар жөніндегі порталда техникалық ақау болғанын айтады.
Айдос Бидаев, Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары:
- Ол балабақшаны 100 орындыққа ауыстыру бойынша мемлекеттен қаражат бөлінген. Бүгінгі күнде 168 млн. теңге қаражат бөлініп конкурсқа берілді. Соның нәтижесін күтіп отырмыз. Конкурс қалай аяқталады, мердігер анықталғаннан кейін жұмыс басталады.
Осылайша бір аптаның ішінде шағын орталықта «құрылыс қызады» деп сендіруге тырысты. Жұрт қар түскенше, балабақша есігін айқара ашады деген үмітте. Бәрінен де шағын орталықта еңбек еткен 9 қызметкерге қиын болып тұр. Олар үш айдан бері жұмыссыз. Себебі, ақысыз демалысқа жіберілген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!