Бүкіл елді комбикорммен қамтамасыз еткен ірі зауыт жабылудың аз алдында
Алматы облысында мал бағып, құс өсіретін 200-ге тарта шаруа қыста жем-шөпсіз қалуы мүмкін. Өйткені Жаңадәуір ауылындағы қоспа жем шығаратын ірі зауыт жабылудың аз алдында тұр. Бұл жайсыз хабар кәсіпорында тер төгіп жүрген жұмысшылардың да наразылығын туғызды. Ал өндіріс ошағының басшылары жанданып тұрған зауыттың аяқасты тұралауын кредит берушілерден көріп отыр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
04.09.2019
Жаңадәуір ауылындағы қоспа жем шығаратын зауыттың жұмысшылары. «Кәсіпорын жабылуы мүмкін» деген хабарды естігелі 80-ге жуық қызметкердің мазасы кетті. Ертең не боларын білмей салы суға кеткендер жеп отырған «нанымыздан айрыламыз ба?» деп қорқады.
Нұрболат Түменбаев, зауыт жұмысшысы:
- Балашағамыз бар. Әркімнің басында несие бар. Банкрот болғанын қаламаймыз. Ары қарай жұмыс істей берсін. Аяқасты жабылатынын өзіміз де түсінбей жүрміз.
Жайнайқайын жеткізгендер жұмыс жанданып мал азығына сұраныс артқанда банкрот жариялау «ақылға қонымсыз» дейді. Тіпті «Комбиснаб» зауытына дәнді-дақыл өткізетін кәсіпкерлердің де жоспарлары күл-талқан болғалы тұр.
Зауыт жылына 12 мың тонна қоспа жем шығарып, еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтеді. Әсіресе, Алматы облысында мал бағып, құс өсіріп отырған шаруалар осы өнімді сатып алады. Олар: «Өндіріс ошағы жабылатын болса, қыста мал азықсыз қалып, шығынға батамыз», - дейді.
Самат Қайырзаманов, құс фермасының директоры:
- Естіген кезде мен сенген жоқпын. Бұл кісілер жасағанша біз алып кетіп үлгереміз. Алматыда құс асырайтындардың алпыс пайызы осы жерден алады. Зауыт жабылатын болса, бізге қиын болады. Шығынға батамыз. Жабылып қалуымыз да мүмкін.
Шаруалармен бірге кәсіпорын басшылары да мұңдарын шақты. Олар қыз-қыз қайнаған өндірістің тұралауына үзілді-кесілді қарсы. Алайда бұл орта жолда қосылған кред берушілердің айла-тәсілі деген сенімде.
Қайсар Есіркегенов, зауыт құрылтайшысы:
- Біз кредит берушілермен 2016 жылдан бері алысып келеміз. Ысқақов мырза, осымен жетінші мәрте сотқа банкорт жариялау туралы өтініш берген. Оның әрекеті рейдерлік тартып алуға жатады. Зауыт қайта қалпына келтіру мерзімінде жүргендіктен, кредит берушінің әрекеті заң аясынан тыс. Бар ойы – кәсіпорынды жауып, пайдаға кенелу.
Зауыт басшылары әлгі кредит беруші бетінен қайтпаса,облыстағы агроөнеркәсіп саласының дамуы тежеледі дегенді алға тартады. Сондықтан олар соңына дейін соттасып, зауыт жұмысын тоқтатпауға тырыспақ. Мәселе оң шешімін таппаса барлық құзырлы орындарға арыздануға дайын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!