Енді ХҚКО-на бармай-ақ зейнетке шығуға болады
Бұдан былай зейнетке шығу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. Зейнеткерлікке енді СМС-хабарлама жолдау арқылы шығуға болады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы осындай жаңа жобаны қолға алып жатыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
04.09.2019
Жобаның жұмыс тәртібі қарапайым. Зейнет жасына 10 күн уақыт қалғанда телефоныңызға бүкіл қызметті электронды жолмен рәсімдеуге келісім беру жөнінде СМС-хабарлама келеді. Оған «иә» деп жауап жолдау керек. Мұндағы басты өзгешелік, зейнетке шығатын азамат еңбек өтілі туралы мәліметтерді бұрынғыдай Халыққа қызмет көрсету орталығына емес, өзінің жұмыс берушісінің кадр бөліміне апарып береді. Ол еңбек келісімдерін есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізу үшін керек. Әзірге жоба «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының 22 мың қызметкері арасында тәжірибе ретінде жүргізіле бастады. Сәтті өтсе, басқа да ұйымдарға таратылмақ.
Серікхан Сабыржанов, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы департаментінің директоры:
- Алдын ала кадр бөліміне құжаттарын апарады. Кадр бөлімінің мамандары жүйеге енгізеді. Содан кейін оған 10 күн бұрын хабарлама келеді. Келіскен жағдайда алдындағы тапсырған құжаттар электронды түрде зейнетті тағайындау үшін мемлекеттік органға жіберіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!