Оқыс оқиға! Пеш тазалап жатқан бес жұмысшы күйіп қалды
Ақмола облысындағы «Көкше-Цемент» зауытында оқыс оқиға болды. Бес бірдей жұмысшы пешті тазартып жатып күйіп қалған. Үшеуі Бурабай аудандық ауруханасына жеткізіліп, ал қатты күймеген екеуі амбулаториялық ем алып жатыр. Аяқ-қолы, бет мен басын күйік шалған жұмысшылардың жасы 30-33 аралығында. Олар бұл зауытта вахталық режимде жұмыс істейді екен.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
04.09.2019
Оқиға цемент зауытында болған. Түс ауа бес жұмысшыға алып пешті тазарту тапсырылған. 1200 градусқа дейін қызып тұратын қондырғы суып үлгерместен олар жұмысқа кіріскен. Осы кезде көмір ұнтағымен жылытылатын пештің аптап ыстығы оларды алып ұрған.
Сөніп тұрған пеште аптап ыстық қайдан келгені кейін белгілі болды. Пеште цемент әзірлеу үшін қосатын кен, яғни қоспа қыздырылады екен. Аса жоғары температураға жеткізіп қоспаны алғаннан кейін пешті тазарту жұмысшыларға жүктелген. Тазартып жатқанда жоғарыдан қызуы қайтпай қып-қызыл болып қабырғасына жабысып тұрған қоспа олардың басына сау етіп құлаған. Қатты күйіп қалған үшеуі ауруханаға жеткізілді.
Асқар Баймұханбетов, Бурабай аудандық ауруханасының травматолог дәрігері:
- Жағдайлары орта дәрежеде. Қазір травматология бөлімшесінде ем қабылдауда. Басы, беті, мойны, қолаяғы күйіп қалған. Біреуінде – 25, екіншісінде – 20, үшіншісін – 15-20 пайыз күйік шалған.
«Көкше-Цемент» – 700 адам жұмыс істейтін өңірдегі ең ірі кәсіпорын. Қазір аталмыш төтенше жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылып, тексеріс басталды.
Жылқайдар Бейсембаев, Ақмола облыстық еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:
- Қазір еңбек инспекциясы «КөкшеЦемент» зауытында бірнеше адамның жазатайым оқиғаға тап болуы дерегі бойынша тексеріске кірісті. Комиссия жұмысшылардың бұл жағдайға қалай ұшырағанын анықтауы тиіс.
«Бұл – жазатайым жағдай, өндірісте ондай-ондай болып тұрады» деп, телефон арқылы жеңіл-желпі жауап берген зауыт директорының міндетін атқарушы Мұрат Ескендіров түсініктеме беруден бас тартты. Журналистердің кәсіпорынға кіруіне де рұқсат берген жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!