{metadescription}
Жаңаөзенде басталған наразылық бірнеше қалада жалғасты
Жаңаөзенде басталған наразылық бірнеше қалада жалғасты

Жаңаөзенде басталған наразылық бірнеше қалада жалғасты

Жаңаөзенде басталған наразылық шарасы бүгін еліміздің бірнеше қаласында жалғасты. Барлығында талап бір – қазақ жерінде Қытайдың 55 зауытын салуға қарсы. «Өйткені сол кәсіпорындармен бірге келетін жұмысшылар онсыз да екі қолға бір күрек таппай жүрген  жергілікті халықты нан-суынан айырады», - дейді наразы топ. Ал атқамінерлер «қытай қаптайды» деген ақпараттың жалған екенін айтып, халықты сабырға шақыруда. Жер-жерде жиналған жұрттың нақты талап-тілегін қандай?    

Мұнайлы өлке Маңғыстауда Қытайдың 55 зауыты салынады деген қауесетті естіген жұрт бүгін Ақтаудың орталығына ағылды. Ынтымақ алаңына жиналған 100 шақты азаматтың бір ғана талабы бар. Ол – шетелдік жұмысшылардың біздің елге келуіне жол бермеу. «Өйткені өзге елден келетін жұмыс күші көбейсе, онсыз да бос жүрген жергілікті жұрт ішерге ас, киерге киім таппай қалады», - дейді жиналғандар.

Мұхамедкәрім Қожырбайұлы, Ақтау қаласының тұрғыны: 

- Зауытты ішке кіргізу деген мүлде қате деп есептейміз. Себебі, 55 зауытпен бірге мына жерге әрқайсысынан мың адамнан келеді дегенде, 55 мың қытай келеді. Ол отбасымен келеді. Сосын елімізге диаспора ретінде тіркеледі. Және ол зауытта қызмет жасайтынның бәрі қытай болады. Сол кезде біздің күніміз тағы бұрынғы қараңғы күйіне түседі.

Алаңға шығып өз ойын ашық айтқан азаматтардың арасында жастар да, қариялар да бар. Олар бүлік шығарып, айғайға аттан қосқан жоқ. Керісінше, әкімдік өкілдеріне шетелдіктерді жарылқағанша, жергілікті халықты жұмыспен қамту керектігін жеткізді. Дәл осындай бейбіт шеру бүгін өзге қалаларда да өтті. Атап айтқанда, Ақтөбе, Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары Жаңаөзендегі жұртқа қолдау білдіріп, наразылыққа шықты.

- Қытай кет, қытай кет...

Алайда атқамінерлер «Қытайдың ірі зауыттары қазақ жерінде» деген ақпардың жалған екенін айтудан жалығар емес. Десе де, Қытай мен Қазақстан компанияларының бірлескен кәсіпорындары бар екенін жасырмайды. Сондықтан Ішкі істер министрі жұртты жел сөзге ермеуге шақырды. Ал «жалған ақпарат таратып, халықты арандатуға тырысатындар жауапкершілікке тартылады» дейді.

Ерлан Тұрғымбаев, Ішкі істер министрі:

- Әлеуметтік желіде таралып жатқан ақпарат – негізсіз. Сондықтан арандатушылыққа жол бермеңіздер. Егер халықты заңсыз митингіге шақырған жағдайлар анықталса, жауапқа тартамыз. Бірақ әзірге қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері тіркелген жоқ. Жағдай тұрақты.

Наразылық акциясы алғаш Жаңаөзенде басталған еді. Кеше мұнайшылар қаласында 300-ге тарта азамат жиналған. Ал бүгін сол шаһардың әкімі ауысты. Жаңаөзенді екі жыл басқарған Әділбек Дауылбаевтың орнына Мақсат Ибағаров тағайындылды. Ол бұған дейін «Өзенмұнайгаз» компаниясы бас директорының орынбасары болған. Алайда облыстық әкімдіктегілер қала басшысын ауыстыру осы өлкедегі наразылықтарға «еш қатысы жоқ» дейді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.