Темір жол вокзалында бір жыл бойы жұрттан заңсыз ақша жинаған
Ақтөбенің темір жол вокзалындағы автотұрақтан шу шықты. Бір жыл бойы сол жерді жекеге алып, жұрттан ақша жинаған кәсіпкердің әрекеті заңсыз екен. Өйткені әкімдікпен арадағы келісім құжаты дұрыс емес. Онымен қоймай, алдымен вокзал алдын құлпыртамын деген уәдесін бизнесмен ұмытып кеткен. Ал көлік жүргізушілері осы уақытқа дейін не үшін ақша төлеп келгенін білмей дал. Ақтөбенің қақ ортасындағы автотұраққа қатысты даудың мән-жайын білсек.
Автор: Жаңалық Ахаш
05.09.2019
Бір жыл бұрын Ақтөбе вокзалының алдындағы автотұрақ жекенің қолына өткен. Сол уақыттан бері бұл жерден өткен әр көлікке 100 теңгеден алып отырған. Енді бұл әрекеттің заңсыз екені белгілі болып, арты дауға айналды.
Вокзал алдындағы сығылысқан көлікті реттеуге шенеуніктер бірнеше жыл бас қатырған. Ақыры «ақылы қылсақ, үйіліп тұрмас» деген шешімге келеді. Былтыр автотұрақты жөндеп, автоматтандырылған техникамен жабдықтауға уәде еткен кәсіпкерге осы істі тапсырады. Ол сөзінен айнып, тек ақша жинаумен жүрген. Тіпті әкімдікпен жасаған келісім құжаты да дұрыс емес.
Бақытжан Ешмағанбетов, Алматы ауданы прокурорының орынбасары:
- Пайдаланып отырған жер учаскесі дұрыс рәсімделмеген. Нысанда көліктің тұруына ыңғайлы шатырлар орналастыруы керек болатын, оны істемеген. Шартқа сәйкес міндеттемелерін жергілікті атқарушы орган бақылап отыру керек еді. Ол бақылаусыз қалған.
«Тәйт» дейтін ешкім болмаған соң кәсіпкер түк істемеген. Ал көлік жүргізушілері автотұарқты жөнге келтірсе, жүз теңгені «аямас едік» деп отыр.
- Жүз теңгені аямаймыз ғой. Тек қаншама көлік бірбіріне соғылысып жатыр. Өткенде ана жерде тұрдым. Өзім көлік айдаймын. Көлігімнің артқы жағын басқа көлік соғып кетті.
- Жоқ, ешқандай еңштеңе жоқ. Ойбпйласып кептелісте тұрамыз. Өзіңіз білесіз, кептеліс болғанда бірінебірі түйісіп кететіндей жағдай болады. Ал ақша төлемесең, айқай шығады. «Неге төлемейсің?!» деп айқайлайды.
Бизнесменнің тұрақтағы кәсібіне тыйым салғанымен, жұмысшылары жүргізушілерден ақша жинауын қояр емес.
- Неге ақша алып жатырсыз? Прокуратура тыйым алды емес пе? Көрсетіп жібересіз бе?
Бұл сұрағымыздан соң, ақша жинаушылар ләм-мим деместен жоқ болды. Шенеуніктер енді бұл автотұрақты мемлекеттік мекеме қарауына аламыз деп отыр.
Қамбар Мұқашев, Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Басқа мемлекеттік мекеме соның орнын басатын болады. Алдағы уақытта бұл тегін бола ма, тегін болмай ма, оны Ақтөбе паркинг орнына келген мекеме шешеді.
Әйтсе де, әкімдіктегілер тұрақтан түсетін ақшадан айрылғысы жоқ. Сондықтан ақылы болғанның өзінде «жүз теңгеден аспайды» деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!