{metadescription}
Барахолкадағы өрт: Қоймада сақталған бұйымдар түгел жанып кетті
Барахолкадағы өрт: Қоймада сақталған бұйымдар түгел жанып кетті

Барахолкадағы өрт: Қоймада сақталған бұйымдар түгел жанып кетті

Алматының барахолкасында тағы да өрт! Бұл жолы базарлардың біріне жапсарлас орналасқан қойма отқа оранды. Ол жерде сақталған металл-пластиктен жасалған бұйымдар түгел жанып кетті. Болжам бойынша, қызыл жалын 3 мың шаршы метр аумақты шарпыған. Адам шығыны жоқ. Алапат жалынды ауыздықтауға екі әуе техникасы жұмылдырылды.

Жеке қоймадағы өрттен соң бір сәтте Алматының аспанын қою қара түтін басты. Өрт шаһардың барлық бөлігінен анық көрініп үрей тудырғаны рас. Жанған нысан солтүстік айналма жолының бойында орналасқан. Қасында «Мизам» базары жапсарлас тұр. Әуелде өрт басталғанда «Мизам жанып жатыр» деп жұрттың даурығуы да сондықтан.

Куәгерлердің сөзінше, қойма жеке кәсіпкерге тиесілі. От тұтанған сәтте көрші базардағы саудагерлер қойманың иесіне алғаш болып көмек көрсетіп, біраз затты сыртқа тасып үлгеріпті. «Бірақ қызыл жалын лезде лаулап дес бермеді», - дейді.

Жанат Әлмағамбетов, саудагер:

- Жұма намаздан сағат екіде келгенмін. Барынша көмектесуге тырыстық. Бірақ көп тауар жанып жатыр. Көшеде өтіп бара жатқан жігіттер де келіп көмектесті.

- Не шығарып үлгердіңіздер?

- Білмеймін. Үлкен-үлкен сары пакеттегі нәрселерді шығардық. Сары қапшықтағы заттар. Өте ауыр.  

Қоймаға көршілес тұрған базар әкімшілігі өз саудагерлерінің тауарына алаңдайды. Қыруар шығынға батпас үшін сақтық шарасын барынша күшейткен.

Болат Қожақов, «Мизам» базарының басқарушы директоры:

- Біздің тарапымыздан өрт сөндіруге бар көмек көрсетілді. Базар аумағындағы саудагерлердің тауарлары дер кезінде қауіпсіз аймаққа көшірілді. Осылай қауіптің алдын алдық. Бұл қойманың біздің базарға еш қатысы жоқ.

Қоймада түскі сағат 13:00-де басталған өртті әлі толықтай ауыздықтау мүмкін емес. Өрт сөндірушілер жерден де, әуеден де оны түгел өшіруге жанталасуда. Оған қоса жаңбыр жауып, артынан соққан жел өрттің одан әрі өршуіне басты себеп болды.  

Өрт сөндірушілер жел екпінін ескере отырып, әуеден екі тікұшақпен су бүркіді.

Қоймада сақталған металл-пластик заттар толық жанып кетті. Солтүстік айналма жолындағы қойма өрті қалалық төтенше жағдайлар қызметінің басшыларын аяғынан тік тұрғызды. Ішкі істер министрлігінің де 45 қызметкері мен 13 техникасы жұмылдырылды.

Руслан Қасыбаев, Алматы қалалық ТЖД өрт сөндіру қызметінің бастығы:

- Қазір өрттің үш мың шаршы метрін ұстап отырмыз. 13:38 минутта қоңырау түсті – «Солтүстік айналма даңғылында өрт болып жатыр, контейнер өртенді» деген. Келсек, контейнер емес, қоймалар жанып жатты. Қазір өрт орнында 64 адам және 20 техника, Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жұмыс істеуде.

Мамандар тілсіз жаумен бес сағаттан аса уақыт арпалысып, өртті толық сөндірді. Адам шығыны жоқ. Ал базар маңындағы өрттің шығу себебін арнайы комиссия анықтайды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде