Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне қоғамның сенімі қандай?
Митинг, «жала жабу» сияқты бірқатар заңдарды өзгертіп, Қазақстанның шетел алдындағы қарызын дереу жою керек. Бүгін Нұр-Сұлтанда алғаш рет өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде осындай бастамалар көтерілді. «Халық пен билікті байланыстырады» делінген ашық алаңның жұмысын президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастап берді. Қоғамдық сенім кеңесіне қоғамның сенімі қандай? Алғашқы жиында қандай ұсыныс айтылды?
Автор: Досжан Маратұлы
06.09.2019
Түрлі түйіткілді мәселелерді талқылауға бір үстел басына экономистер, саясаттанушылар мен заңгерлер, журналистер мен қоғам қайраткерлері жиналды. Маңызды кеңесті ашып берген президент Қасым-Жомарт Тоқаев биліктің ашық диалогқа қашан да дайын екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан республикасының президенті:
- Бүгін дәл осындай жаңа форматта кездесіп отырғанымыздың өзі оң өзгерістерге бәріміздің мүдделі екенімізді көрсетеді. Халық бізден нақты ұсыныстар мен нәтиже күтіп отыр. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі осы міндетті ойдағыдай жүзеге асыратын бірегей құрылымға айналады деп сенемін. Біз халық сенімін ақтауымыз керек. Әрбір азаматтың мүддесі біз үшін өте маңызды.
Мемлекет басшысы халықтың атынан сөйлеген кеңес мүшелерін асықпай тыңдап шықты. Ал түрлі экономикалық, саяси, әлеуметтік мәселелерді шешуге әркімнің ұсынысы әртүрлі. Мәселен, саясаттанушы Айдос Сарым алдымен сайлау, БАҚ, Парламент туралы заңдарды дереу өзгерту керек дейді. Әсіресе «митингтер туралы заң жетілдіріліп, халыққа ойын ашық жеткізіп, бейбіт шеру өткізуге рұқсат беру керек» дейді.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
- Біздің ойымызша, көптеген заңдар кезінде қабылданғанда, сол заманға лайықталған. Сондықтан қайта жазып шығу керек. Осы бес заң түзелетін болса, осы бесеуі ырыққа келсе, дұрыс сайлау өтеді, саяси плюрализм мен саяси белсенділікке, саяси бәсекелестікке жол ашылады деген пайымдар бар.
Ал экономистер елдегі қымбатшылыққа алаңдап отыр. Сондықтан монополияға қарсы күресті күшейтіп, мемлекеттік секторды жаппай қысқарту керек дейді. Сөйтіп, бәсекелес ортаны дамытып, жұмыссыздықты азайтуға болады. Дегенмен басты мәселе – Қазақстанның қарызы. Қазір еліміз шетелге 159 миллиард доллар берешек.
Мұхтар Тайжан, экономист:
- Бізде көршілер бар. Оның ішінде үлкен көршілер бар. Сондықтан менің ұсынысым: біз осы көршілерден қанша несие алдық, қанша қарыз алдық, қанша өндіріс ашылды соның бәрін қамтып, нақты реестр жасауымыз керек. Өйткені ол сыртқы экономикалық қауіпсіздікке өте маңызды.
«Мәдениет министрлігін спорттан ажырату керек» деген режиссер Ермек Тұрсынов мәдени салаға «көңіл бөлінбейді» деп ренжіп отыр. Әрі елінде еленбей, шетелді мойындатқан Димаш Құдайберген, Ержан Максим секілді таланттардың жетістігене ортақтасатын шенеуніктерге өкпелі.
Ермек Тұрсынов, режиссер:
- Біздің мәдени жетістіктеріміз кездейсоқ болады. Және бір реттік сипатқа ие. Егер Димаш немесе Ержан Максим байқауда топ жарса, Мәдениет министрлігінің шенеуніктері соған ортақтасып, мұны өздерінің жетістігі етіп көрсетеді. Шын мәнінде, бұл Димаштың жетістігі.
Екі сағатқа жуық созылған кеңесте талқыланған мәселе, айтылған ұсыныс көп. Бәсекеге қабілетті, халықты ойлайтын, жемқорлықтан ада мемлекет құру, байға да, кедейге ортақ заң мен әділ сот орнату секілді міндеттер де назардан тыс қалмады. Ал мемлекет басшысы ел үшін маңызды шешім қабылдарда осы ұсыныстарды міндетті түрде ескеретінін жеткізді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!