Алтын өндірісі ақсулықтардың шаңырағын ортасына түсіруі мүмкін
Үйіндінің астында қаламыз ба деп үрейленеді! Ақмола облысында ауыл тұрғындары Ақсу кенішінде болатын күн сайынғы жарылысқа қатысты дабыл қақты. Алтын өндіретін орындағы дүмпуден үйлерінің қабырғасы қақырап, төбелері жарылып кеткен. Ал құзырлы органдардың шара қолданатын түрі жоқ.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
11.09.2019
Ақсу кен орны күн санап елдімекенге жақындап келеді. Небәрі бір шақырымдай қашықтықтағы кеніште күнде жарылыс. «Құлақ тұндыратын дыбысты айтпағанның өзінде, жер дірілдеп, қақ айырылғандай болады», - дейді мазасы қашқан тұрғындар.
Жарылыс жасап, жер қыртысын айыратын кәсіпорын молынан «кен алуды ғана көздейді, жұртпен ісі жоқ» деп өкпелейді ауыл жұрты. Олар әсіресе жарылыс салдарынан жарылып кеткен үйлерінің төбесі мен қабырғаларына алаңдаулы. Түн ішінде шаңырағымыз ортасына түсе ме деп қорқады.
Қарашаш Сейітқазинова, Ақсу кентінің тұрғыны:
- Жарылыс болғанда, иә, масқара! Сартылдағанда құлағыңды жарып жібере жаздайды. Ана кездері тіпті бізді тыңдаған да жоқ. Күнде люстралар сылдырлағанда далаға атып шығамыз. Орныңда тұрып қозғаласың ғой кәдімгідей. Қазір үйге келіп қараймыз, естиік деп қояды, келген жоқ қой.
Жағдайдың барлығын әкімдікке де, Ақсу кеніші басшыларына да хабарлаған. Құлақ асқан жан жоқ. Шенеуніктер тіпті үйлерің ескі деп өздерінен көріпті.
Марат Смағұлов, Ақсу кентінің әкімі:
- Кентте болып жатқан жағдай маған белгілі. «Қазақалтын» акционерлік қоғамына хат та жолдадық. Осында келіп үйлердің бәрін тексеріп, бірақ ешқандай шешім қабылдаған жоқ. Бүгінгі таңда 103 үй осы тау маңында тұр.
Әкімнің айтуынша, кәсіпорын бұл үйлерді түгел көшіру туралы сөз қозғаған. Әзірге нақты іс жоқ. «ҚазақАлтын» компаниясының басшыларына хабарласқанымызда, олар бұл мәселеге байланысты жауап беруден бас тартты. Ақсулықтардың үй төбесіне де, қабырғасына да тіреу қойып, жандарын шүберекке түйіп отырғанына ешкім алаңдамайтындай.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!