Түркістан: Жарылыс қонақ үйдің іргесінде қалай болған?
Түркістандағы қонақ үйдің іргесінде болған жарылысқа газ тасушы көліктің жүргізушісі кінәлі болуы мүмкін. Жарылыстың салдары мен себебін тексеріп жатқан төтеншеліктер осылай дейді. Едәуір бөлігін қызыл жалын шарпыған мейманхана маңындағы кейбір үйлер мен ғимараттарға да зақым келген. Екі сағаттан астам уақытқа созылған өрт сөндіру кезінде 11 адам зардап шекті. Оның 5-еуі – төтенше жағдайлар қызметкері.
Автор: Бек Әбиев
11.09.2019
Тұтас Түркістанды аяғынан тік тұрғызған жарылыстан соң жұрт есін енді жиып жатыр. Көне шаһардың ең мықты мейманханасы саналатын Royal Grand-тың іргесіндегі жарылыс кезінде қонақ пен қызметкерлерді қосқанда, 50-ден астам адам болған. Көпшілігі өзі шығып үлгерсе, Түркияның екі азаматы мен 4 жасар баланы полицейлер алып шығыпты.
Екі сағаттан астам өртенген қонақ үйдің көрінісі қазір қандай? Үш қабатты ғимараттың жартысынан көбі жарамсыз күйге түскен. Кешеден бері бұл жерді қоршауға алған полицейлер ешкімді жолатпайды. Металл үйіндісіне айналған ЗИЛ-дің өзін полицейлер әлі алған жоқ.
Жарылыс газ таситын 3 тонналық көліктен шыққан. Қазір оның жүргізушісі полиция мен төтенше жағдай өкілдеріне түсініктеме беріп жатыр. Ал қонақ үйдің цистернасын «айына бір рет газбен толтырып жүрміз» деген жүргізуші әрі оператор Талғат Зұлфайдаровтың сөзінше, кінәрат өзі мен көлігінде емес, қонақ үй қызметкерінен болған.
Талғат Зұлфайдаров, көлік жүргізушісі:
- Ол газ өзі жиналды, астында жүреді, ауадан екі есе ауыр. Жиналыпжиналып, былай жалындап ары қарай ас үй жаққа барған. Ас үйден біреу газды қосқан, содан ол кеміп, ары қарай кетпейді ғой, ас үйге кетеді. Сыртқа, маған қарай ұрды. Ол от боп кетті, ана бөшкенің сырты қапталған, қурап тұрған бәрі, гу етіп алып кетті, мен тұра қаштым.
Жарылыс салдарынан қонақ үй маңындағы үйлердің терезесі қирап, шатырлары ұшқан. Бүлінген нысандардың нақты санын төтеншеліктер әлі де айта алмайды. Әсіресе мейманхана іргесінде орналасқан 150 орындық балабақша қызметкерлері қатты шошыған. Жарылысқа дейін балалардың барлығы қайтып үлгеріпті. Терезесіз қалған мекеменің жұмысы тоқтап, қызметкерлері есік алдын тазартып жатыр.
Сәбира Құдайбергенова, балабақша меңгерушісі:
- Мына жақта тағы терезелер сынған. Енді оның бәрін өзіміз қалпына келтіреміз ғой.
Жарылыс пен артынан шыққан қызыл жалыннан зардап шеккен 11 адам ауруханаға түссе, соның 5-еуі емделіп жатыр. Біреуі жансақтау бөлімінде. Барлығы төтенше жағдай қызметкерлері. Бүгін олардың халын білуге денсаулық сақтау және ішкі істер министрлері келді. Олар түрлі жарақат алған мамандарға барынша көмек көрсетпекші. Тексеру жүргізіп жатқандар алғашқы болжамын айтты.
Нұрғали Жүнісов, Түркістан облыстық ТЖД бастығы:
- Қауіпсіздік. ЗИЛ 130 маркалы газ тасымалдау автокөлігінің жүргізушісі сол жерде газ толтыру барысында қауіпсіздік техникасын сақтамаған деген алғашқы болжам бар.
Мамандардың айтуынша, нақты қорытынды апта соңында жасалады. Оған дейін жарылыс пен өрттен зардап шеккен үйлердің саны да белгілі болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!