Еуразия сән апталығы: Елден ерекше киінгің келсе...
Келесі көктем мен жаз айларында қандай үлгідегі киімге назар аударған жөн? Елден қалай ерекшеленуге болады? Осы сынды сауалдарға жауап табуға тырысатын сәнқойлар алып шаһарға жиналды. Оңтүстік астанада Еуразия сән апталығы өтіп жатыр. Алматыдағы подиумда отандық дизайнерлермен бірге Беларусь, Қырғызстан, Солтүстік Корея сияқты бірнеше елден келген сәнгерлер де жұрт назарына туындыларын ұсынуда.
Автор: Салтанат Шырынхан
12.09.2019
Жаңа сән үлгілерінен құр қалмайтын талғампаз жандардың назарына алдағы жылдың көктем мен жаз мезгіліне арналған топтамалар ұсынылды. Әйелдердің әдемі көйлегі мен түрлі үлгідегі киімдерден көз сүрінеді. Сән апталығының шымылдығын Nosi moyo брендінің жаңа топтамасы ашты. Ол қызыл, қара және ақ түстен құралған. Ұйымдастырушылар: «Халықаралық жобаның тиімді тұсы мол», - дейді.
Ирина Байжанова, Eurasian Fashion Week жобасының бас продюсері:
- Еліміздегі жеңіл өнеркәсіптің дамуына, алға жылжуына үлесімізді қоса аламыз. Қазірдің өзінде көптеген жас дизайнерлеріміздің жұмыстары, тіккен киімдері көңілден шығады. Бүгінгі көрсетілімнен кейін өзге елдерден де сұраныстың артарына сенімдімін.
Жұртты отандық дизайнер Меруерт Шәкербаеваның тіккен киімдері көбірек қызықтырды. Ол подиумға капсула коллекциясын алып шықты. Сәнгер 2020 жылдың көктем-жаз маусымдарында ашық түстердің трендте болатынын айтады.
Меруерт Шәкербаева, дизайнер:
- Жоба жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ең мықты деген дизайнерлер іріктелген. Капсула жиынтығын бар ынтамызды салып тіктік. Көңілден шығады деген ойдамын.
Сән мерекесіне өзінше сән ала келген тағы бір сері - оңтүстіккореялық дизайнер Ким Жиман. Ол Алматыға түрлі-түсті және кең жолақты киімдер жиынтығын әкелген.
Ким Жиман, дизайнер (Оңтүстік Корея):
- Менің топтамамдағы суреттердің көптігінде өзіндік сыр жатыр. Еуразиялық сән апталығы ауқымды шара. Қазақстандықтардың сәнді жақсы көретіні байқалып тұр. Сондай-ақ, алып қаланың табиғаты да өте әдемі екен. Көзім тояр емес.
Сән саласының саңлақтары 2020 жылдың көктемі мен жазын мейлінше ашық түстерге бояп отыр. Киімнің қымбаты емес, сымбатыңызға жарасымдысы сәнді деген кеңесі де бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!