{metadescription}
Жағдайын жасай алмаған Ақтөбе әкімдігі жер телімін беруді тоқтатты
Жағдайын жасай алмаған Ақтөбе әкімдігі жер телімін беруді тоқтатты

Жағдайын жасай алмаған Ақтөбе әкімдігі жер телімін беруді тоқтатты

Ақтөбе әкімдігі тұрғындарға жер телімін беруді тоқтатты. Өйткені қала билігі бұған дейін бөлінген жер учаскелерін қарық қыла алмай отыр. Бірнеше ықшамауданға су мен жарық, газ әлі тартылмаған. Қаланың қақ ортасында тұрғындар от жағып суды тасуға мәжбүр. Енді оларға жағдай жасалмайынша, ешкімге жер берілмейді.

Соңғы алты-жеті жылда Ақтөбедегі Рауан-2 ықшамауданынан 500-дей жер телімі берілген. Оның жартысынан көбі қазір үй тұрғызып алыпты. Бірақ не суға, не жарық пен көгілдір отынға жарымай отыр.

Зылиха Маханбетова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Бұл жерді 10 жыл кезекте тұрып алдым. Міне, енді үшінші жыл қыстаймын. Бірақ ешқандай газ, жарық, су жоқ. Қаланың ортасында тұрып, мына тұрған үш жүз метрде жарық та, газ да, су да тұр, соны тартып бермей жатыр 

Үй салып алғандары мұнда амалсыз тұрып жатыр. Өйткені ұры-қарыдан қорқады. Енді суды тасып ішіп, кешке май шаммен отыруға мәжбүр.

Жолдыбике Саттарова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Құдайдың қысын енді айтпайақ қойыңыз. Жаз айында ұры деген әлемет түсіп жатыр деп естиміз. Сондықтан үйімізді тастап кете алмаймыз. Неге бұл жерді 10 жыл бойы күтіп аламыз. Бергені осы ма?! Үш жылда екі көшеге газ кіргізіп бермейтін не қағындысы бар?

Рауандықтар сияқты қаладағы тағы бірнеше ықшамауданның тұрғындары ашынып отыр. Соңғы алты жылда 22 мың жер телімі берілген. Ал сол жерді оңды-солды үлестірген әкімдіктегілер еш жағдай жасаған жоқ. Сондықтан осылардың жағдайын реттегенше, ешкімге жер бермейтін болыпты.

Қамбар Мұқашев, Ақтөбе қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Қазір Ақтөбе қаласы бойынша жер телімін беру рәсімі уақытша тоқтатылды. Себебі, жер учаскелеріне инфрақұрылым тартылмаған. Жер телімдеріне инфрақұрылым желісі тартылғаннан кейін ғана жер беру рәсімі қайта жаңартылады.

Ақтөбеде 150 мың адам жер телімін алу кезегінде тұр. Бірақ оларға қашан жер берілетіні белгісіз. Өйткені коммуникация тартуға 15 миллиард теңге қажет. Ал ондай ақша қазынада жоқ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде