Петропавлда есептегіш құралдың былығы әшкереленді
Пайдасы жоқ есептеуіш! Петропавлда жаңа үйлердің тұрғындары жылуға артық ақша төлеп келгенін айтып отыр. Негізі, әр пәтерде жеке есептеуіш бар. Мұндай құрылғының болуы - заң талабы. Бірақ коммуналдық төлем ақысы ондағы көрсеткіш емес, жалпы үйге ортақ аспап арқылы есептеліп келген. Ал жұрт алдағы жылу маусымында нақты тұтынылған қызмет үшін төлем жасауды қалайды.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
13.09.2019
Әр пәтерде жылуға орнатылған жеке есептеуіш бар. Бірақ ол босқа тұр. Жұрт құрылғыдағы көрсеткіш бойынша бірде-бір рет төлем жасап көрмепті.
Жібек Смағұлова, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Біз ақшаны ортақ көрсеткішпен төлейміз. Мұны онда неге қойды, не үшін қойды? Белгісіз. Қаншама қаражат жұмсалды. Біз енді әкімдіктен сұраймыз, әр үйден, әр отбасынан біздің көрсеткішіміз бойынша ақша алынсын.
Тұрғындар мұнда көшіп келгелі жылу ақысын жалпы үйге ортақ есептеуіш бойынша төлеп келеді. Ал пәтерлерде арнайы жылу деңгейін реттегіш бар. Жұрт температураны өз қалауларынша өзгертіп отырады.
- Беске қатты аязда ғана қосамын. Ал былайша төртте, үш жарымда тұрады.
Сол себепті, әр пәтер нақты пайдаланылған жылу үшін төлем жасауы қажет дейді.
- Бәлкім мен бес мың төлер едім, ал келетіні он... әркім өзіне төлеуі керек.
Пәтердегі құрылғыдан көрсеткіштің не себепті алынбайтынын жұрт шенеуніктерден талай сұраған. Бірақ тұшымды жауап ала алмапты. Сөйтсе, әр баспанаға жеке жылу есептеуіштің қойылуы заң бойынша міндетті екен. Бірақ олар коммерциялық есепке алынбаған.
Мадияр Жанғодин, Петропавл қаласы Тұрғынүй қатынастары бөлімінің қызметкері:
- Заң бойынша жаңа тұрғын үйлер комуналдық қызмет ақысын есептейтін реттемелі автоматтандырылған аспапсыз пайдалануға берілмейді. Қателеспесем, бұл талап 2012 жылдан бері бар. Бірақ бұл құрылғылардан қазір тұрғындарға еш пайда болмай тұр.
Құрылғылардың құр босқа тұруына онымен жұмыс істеу тәртібінің бекітілмеуі себеп дейді жауаптылар.
Елена Ганзёра, СҚО Монополияға қарсы департаменті басшысының орынбасары:
- Қазір жеке жылу есептеуішпен жұмыс істеу тәртібі бекітілмеген. Жылу ақысын бұл құрылғы арқылы есептеуге алдымен осы ережені енгізіп алу қажет.
Жеке есептеуішпен жұмыс істеу жүйесін жауаптылардың өздері білмейді. Соған қарағанда алдағы жылу маусымында тұрғындар коммуналдық қызметке тағы артық ақы төлейтін сыңайлы. Десе де, жылу маусымы 8 айға дейін созылатынын ескерген олар енді бұған үнсіз көне алмаймыз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!