Қызыл көйлекке қызыққан ұрының әрекеті камераға түсіп қалды
Қолды болған қызыл көйлек. Петропавлда 37 жастағы соқталдай еркек сауда үйінде сатылып жатқан киімді манекеннен шешіп алып кеткен. Оның бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
13.09.2019
Арман Тоғжанов, Петропавл қаласы №1 полиция бөлімінің аға тергеушісі:
- Жедел іздестіру шаралары бойынша Петропавл қаласының бірнеше рет сотталған 37 жастағы тұрғыны анықталды. Тергеу амалдары және жауап алу барысында күдікті кінәсін толық мойындады.
Әккі ұры алдымен жан-жақта адам бар-жоғын жіті қарап алады. Кейін манекендегі қызыл көйлекті шешіп алып, дереу із суытқан. Полицейлер желіде тараған видеоны зерттеп, ұрының кім екенін және орналасқан жерін көп ұзамай анықтады.
Ер адам бұған дейін де ұрлық жасап бірнеше рет сотталған екен. Ол кінәсін толық мойындады. Сауда үйінде бейнебақылау камерасы барын білмей қалғанын айтып отыр. Жеті мың теңгенің киімін сол маңайда 1-2 мың теңгеге сатпақ болған. Ұрланған көйлек қазір бутиктің иесіне қайтарылды. Екі жақтың мәмілеге келуіне байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. Ұрлық жасаған азамат бұл әрекетіне өкінетінін айтады.
- Шұлық сатып алуға келгем, екінші қабатқа көтерілдім, қарасам, манекен тұр. Ешкім жоқ екенін байқап көйлекті шешіп алдым да, кетіп қалдым. Ұят, мен қатты ұяламын. Бұл жиіркенішті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!