Бас санитар электрондық темекінің зиянды екенін ерекше атап өтті
Электрондық темекіге әзірге тыйым салынбайды. Бас санитар Жандарбек Бекшин елімізде еркін сатылатын бұл тауардың зиянды екенін ерекше атап өтті. Бірақ оның саудасын тоқтату үшін заңға өзгеріс енгізу керек деп отыр. АҚШ-та соңғы айда электрондық шылымнан алты адам көз жұмды. Америкалық мамандар түтікше ішіндегі сұйықтықтың құрамынан зиянды заттар тапқан. Алайда әлемдегі қайғылы жағдайлар тиісті орындарға сабақ болмай тұрған сияқты.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
13.09.2019
Айдар вейпке көшкелі кәдімгі шылымға деген тәуелділіктен арылғанын айтады. Электрондық темекінің тұрақты тұтынушысы түтікшеден шығатын будың қоршаған ортаға «зияны шамалы» дейді. Құрылғының өзге де тиімді тұстарын жіпке тізді.
Айдар Бекмұхамбет, Алматы қаласының тұрғыны:
- Вейптен киіміңе иіс сіңбейді. Кез келген жерге ұялмай барасың. Үйде, саябақта отырып шеге бересің. Тыйым салынбаған. Ең бастысы, электрондық темекіде өкпеңді құртатын смола жоқ.
Елімізде жаңа темекіні ермек ететін жастар жыл санап артып келеді. Оған қажетті құралдар мен сұйықтық сататын дүкендердің саудасы қызып тұр. Құмарлықты кәсіпке айналдырғандардың бірі - Алексей. Ол электрондық темекінің зиянды екенін жасырмайды. Бірақ шылымнан шығатын түтіннің залалынан әлдеқайда жақсы деген пікірде.
Алексей Смулянский, дүкен иесі:
- Электрондық темекінің аз мөлшерде зияны бар. Бірақ темекіні тастай алмай жүрген адамдардарға осыған ауысуға кеңес бере аламын. Бұның құрамында табак өнімдері жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, сұйықтық глицерин, пропелингликоль және хош иістендіргіштен тұрады. Оларды күнделікті жеп жүрген тамақтан табуға болады. Одан түтін емес, бу шығады.
Алайда АҚШ билігі заманауи шылымға тыйым салатын заң ұсынып отыр. Өйткені аталмыш темекінің буын будақтатқан 450 адам ауыр дертке шалдыққан. Оның алтауы қайтыс болды. Ал Бас санитар Жандарбек Бекшин электрондық темекі саудасын бақылауға алу оңайға соқпайтынын жеткізді. Сондықтан жауапты комитет түтікше ішіндегі сұйықтықтың сапасын тексеруге әзірге асықпайды.
Жандарбек Бекшин, Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы:
- Вейптің адам ағзасына зиян екенін айтып келеміз. Біз табак өнімдеріне қарсымыз. Бірақ оған тыйым салу жөнінде ақылдасып жатырмыз. Заңға өзгеріс енгізу керек. Ол ұзақ уақытты талап етеді. АҚШтағы қайғылы жағдайды естіп жатырмыз. Өте өкінішті.
Электрондық шылымдарға зерттеу жүргізген америкалық мамандар олардың құрамында шамадан тыс Е дәрумені барын анықтады. Ол адам ағзасына пайдалы болғанымен, газ күйінде кері әсерін тигізеді.Сондықтан ғалымдар жаңа өнімге әлі де зерттеу жүргізу керектігін алға тартып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!