Атырау мұнай кенішінде ұша алмай жүрген дала бүркіті құтқарылды
Атырауда сирек кездесетін құс құтқарылды. Облыстағы мұнай кеніштерінің бірінің аумағынан ұша алмай жүрген тұрқы бөлек құсты байқаған жұмысшылар оны қолға түсіріп, дереу тиісті органдарға хабарлаған. Оқиға орнына жеткен мамандар қанаттының еліміздің Қызыл кітабына енген дала бүркіті екенін анықтады.
Автор: Нұрберген Мақым
16.09.2019
Бұл дала бүркіті Атырау облысындағы Теңіз кенішіндегі кәсіпорындардың бірінің аумағынан 14 қыркүйекте табылған. «Қанаттанып үлгіргенімен жұмыртқадан шыққанына бар-жоғы бес-алты ай болған», - дейді мамандар. Яғни, әлі балапан. Орнитологтардың айтуынша, аяғына зақым келген. Сол себепті серпіліп ұша алмайды. Бірақ құстың жағдайы «жақсы» деп бағаланып отыр. Ендігі кезекте құсты ветеринарлар қарап, оның ұша алмауының себебін анықтап ем-дом жасайды. Одан соң бүркіт ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жіберілмек.
Азамат Абуғалиев, Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім бастығы:
- Бұл біздің жыл басынан бері құтқарып отырған бірінші құсымыз емес. Бұған дейін жапалақ құсы құтқарылды. Одан бұрын, қырғи құсын және аққуды құтқарып, ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жіберілген болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!