{metadescription}
Спорттық шараға бара жатқан колледж студенттерін көлік қағып кетті
Спорттық шараға бара жатқан колледж студенттерін көлік қағып кетті

Спорттық шараға бара жатқан колледж студенттерін көлік қағып кетті

Ақтөбе облысында спорттық шараға бара жатқан бір топ колледж студенттерін көлік қағып кетті. Тоғыз жасөспірім жарақат алып, үшеуі ауруханада жатыр. Жол шетінде оларды қағып өткен жүргізушінің тіпті көлік айдауға ешбір құжаты жоқ екен. Тәртіп сақшылары оның жылдамдықты асырғанда рөлге ие болмай қалғанын айтады. Хромтауда болған осы оқиғаның мән-жайы.   

Хромтау қаласында болған апат сол маңдағы дүкендердің бірінің бақылау камерасына түсіп қалған. Сол жерден жас қыздарды көлігіне мінгізіп алған жігіт жылдамдығын асырғаны көрініп тұр. Сөйтіп жол шетінде кетіп бара жатқан студенттерді қаққан.

Оқиға Хромтау қаласындағы Ғазиза Жұбанова көшесінің бойында болған. Көлік тізгіндеген 20 жастағы жігіттің жүргізуші құжаты болмапты. Оны тексерген дәрігерлер қанынан алкогольдік ішімдік ішкені, есірткі қолданғаны анықталмады деп отыр.

Жол апатынан тоғыз адам зардап шеккен. Арасында алты жасар бала бар. Миы шайқалып, басынан жарақат алған екі студентті аудандық ауруханада қалдырды. Бір оқушыны жағдайының ауырлығына байланысты облыс орталығына жөнелтті.  

Қайрат Бөкеков, Хромтау аудандық ауруханасының дәрігері:

- Қалған балалар бақылауда. Екі баланың жағдайы қанағаттандырарлық, нашарлаған жоқ, ем алып жатыр.

Жол апатынан зардап шеккен студенттер Хромтаудағы тау-кен техникалық колледжінде оқиды. Демалыс күні бұл оқу орны қала сыртында спорттық шара өткізбекші болған. Бірақ студенттерді сонда жеткізуге көлік қарастырмапты. Тіпті балалардың қауіпсіздігі үшін адам да болмаған сыңайлы. Оған жауап беретін колледжде басшылардың біреуі де жоқ. Тек оқу ісіне «жауаптымын» деп таныстырған меңгеруші, «түк білмеймін» деп тұрып алды.     

- Бұл жолы олардың қайда кеткенін білмеймін. Олардың өз жағдайы бар.  

Студенттерді қағып кеткен жиырма жастағы жігітке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Құжатсыз көлік айдағаны және бірнеше адамның денсаулығына зиян келтіргені үшін жауап беретін болады. Ал балалардың қауіпсіздігіне бейжай қараған колледж басшыларына қандай шара қолданылатыны әзірге белгісіз.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде