{metadescription}
Шамалғандағы жойқын апат: Оқиға куәгерлері не дейді?
Шамалғандағы жойқын апат: Оқиға куәгерлері не дейді?

Шамалғандағы жойқын апат: Оқиға куәгерлері не дейді?

Өткелде үзілген өмір! Алматы облысының Шамалған теміржол өткеліндегі жантүршігерлік апатта қаза тапқан жүргізуші бүгін жер қойнына тапсырылды. Ал зардап шеккен үш адам аурахананың жан сақтау бөлімінде жатыр. Олар бір отбасының мүшелері. Дәрігерлер әсіресе, 2 кішкентай қыздың хәлі тым мүшкіл деп отыр. Бұл оқиғадан әбден қорқып қалған Шамалған бекетінің тұрғындары түнде өткелге шығып, шенеуніктерден көпір салып беруді талап етті.

КТК тілшісі оқиға орнында болып, мән-жайды өз көзімен көріп қайтты.

Жан-жақта көлік те, адам да көп болғанымен, бұл сәтте бәрі дәрменсіз болды. Жағдайды қарап бақылап тұрудан басқа шара жоқ. Ақыры қас-қағым сәтте жүйткіген пойыз шойын жолда кесе-көлденең тұрған автобусты жайпап өтті.

Куәгерлердің айтуынша, №456 бағыттағы автобуста лық толы адам болған. Олар өткелде бір сағаттай кептеліп тұрыпты. Ал отарбаның даусы шыққанда жолаушылар жапа-тармағай далаға қаша жөнелген. Солардың бірі - Қайрат. Ол сол сәтте қоғамдық көліктің жолы ашық тұрғанын айтады. Яғни, ешқандай кедергі болмаған көрінеді. Сол себепті автобус шойын жолға алаңсыз шыққан екен.

Қайратбек Қалдықұлов, оқиға куәгері:

- Автобус келді. Жол ашық, бірақ ар жақтан пойыз да келе жатыр. Автобустың жолы ашық болды. Автобустың ешқандай кінәсі жоқ. Не алдыға, не артқа кете алмайды. Еш мүмкіндік болмады.

Алайда теміржолшылардың сөзі бұған қарама-қайшы. Олар Алматыдан Қостанайға қатынайтын пойыз мұнда жақындағанда дыбысты сигнал қосылып, бағдаршамның қызыл түсі дер кезінде жанғанын айтады.

Болат Сәрсенбеков, «ҚТЖ» АҚ Алматы темір жол торабы қауіпсіздік бөлімінің басшысы:

- Пойызға өткелден өткізетін кезекші – барлығын, өзінің қолынан келгенін істеді. Пойыз шұғыл берді. Бірақ та пойыз енді автобусқа келіп ұрылды.

Қатты соқыдан автобус жүргізушісі ұшып барып темір жолға құлаған.

Жантүршігерлік апаттан қоғамдық көліктің түгі қалмаған. Қаңылтыр қалбырдай мыж-тыжы шығып бір жағы ішіне кіріп кетіпті. Пойыз оны шамамен 20 метрге дейін сүйреп әкеткен. Оқиғадан көп ұзамай, аумақ қоршалып, тергеушілер жұмысқа кірісті. Олар алдымен жаншылған автобусты зерттеп шыққан.

Жүргізуші сол жерде жан тапсырды. Ал оқиғадан зардап шеккен үш адам – бір отбасының мүшелері. 33 жастағы келіншек пен оның 3 және 5 жастағы қыздары. Екі бүлдіршін қазір өмір мен өлім арасында жатыр. Олардың анасы да жансақтау бөлімінде.

Өмірзақ Ниязбеков, Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Мидың қақ ортасы... содан балаларымыз қатты ауыр хәлде жатыр. Екеуі де жасанды демалу аппаратында. Анасының оң жақ иығы сынған. Сол жағындағы 4 қабырғасы, жауырыны, бұғанасы сынған.

Темір жолдағы оқыс оқиға дүйім елдің есін шығарды. Ал ашуға булыққан Шамалған халқы түнде апат орнына жиналып, өткелге қатысты өкпесін жеткізді. Олар автокөлік пен темір жолдың түйіскен тұсындағы кептелістен әбден шаршаған. Көпір салып беруді атқамінерлерден жылдар бойы сұрап келеді.

Қатиша Сарбазова, Шамалған бекетінің тұрғыны:

- Мына жақтан өтетін адам ана жаққа уақытында алмаймыз. Жанымыз қиналды. Біздің зарымызды еститін адам жоқ.

Халықтың мұң-тұқтажын тыңдауға оқиға орнына Қарасай ауданының әкімі ғана келді. Ол жаңа көпірдің құрылысына енді қаражат қарастырылып жатқанын мәлімдеп, халықты сабырға шақыруға тырысты.

Жандарбек Далабаев, Қарасай ауданының әкімі:

- Қазір қаражат қарастырылуда. 700800 метр жерде айналма көпір салынады. Оны салуға мен сендерге, халықтың алдында, міне, қанша телевидение тұр, мен уәде беремін.

Қаза тапқан 39 жасар жүргізушінің артында үш бала жетім қалды. Ал сол қоғамдық көліктегі кондуктор оның әйелі екен. Марқұмның жақындары автобустың алдыңғы есігі біраздан бері ашылмай бұзылып тұрғанын айтады. Сол себепті ол далаға шыға алмай қалған деп топшылайды. Жүргізуші бүгін жер қойнына тапсырылды.

Ал қауіпті өткелде әлі де кептеліс. Тіпті таңертең қайғылы оқиға қайталана жаздаған. Жүк көлігі шлагбаум жабылып жатқанда арғы бетке өтіп кетіпті.

Оқыс оқиға жиі болатын бұл өткелді жергілікті тұрғындар «ажал жолы» деп атап кеткен.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде