Алдар көсе – велосипед, хип-хоп, ұялы телефон, сәнді киім
Алдар көсе шапанын ауыстырды. Алматыда Наталия Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған орыс театрында жаңа қойылымның тұсауы кесілді. Бұл спектакльде велосипед мінген Алдар көсе қолына ұялы телефон ұстап 21-ші ғасырға өтіп кеткендей әсер қалдырады. Хип-хоп жанрында би билеген заманауи кейіпкер жайында спектакль қалай өтті?
Автор: Мақсат Мәлік
17.09.2019
Сахна сыртындағы харбалас. Санаулы минуттан соң шымылдық түріліп, жаңа қойылым тұсауын кеседі. Велосипед тақымдаған Алдар көсе десе, ешкімнің иланбайтыны анық. Алайда халықтың фольклорлық кейіпкері әлі ортамызда жүр.
Орыс тіліндегі «Алдар көсе» спектаклінің ерекшелігі көп. Кейіпкердің сыртқы келбеті түгелдей өзгертіліп, жаңа заманға бейімделген. Бұрынғы Алдар көсе хип-хоп жанрында би билеп, қолына ұялы телефон ұстайды. Классикалық үлгіден бас тартқан шығармашылық ұжым осындай шешім арқылы жас ұрпақтың жан дүниесіндегі иірімді дөп басқан.
Есләм Нұртазин, режиссер:
- Шапандары бүгінгі күн лебіне сай замануи киімге ауыстырылды. Бөріктері – кепкаға, етіктері – крассовкаларға ауысты. Сондықтан бүгінгі күні қасымызда жүретін, метрода бізбен жүретін жай студент болуы мүмкін. Жас, талантты Алдар көсе жасап көруге тырыстық.
Әрине, режиссер заманауи Алдар көсенінің кейпін жасағанда алғашында жүрексінгенін жасырмады. Алайда шапанын ауыстырған кейіпкердің өмірлік ұстанымы өзгермеген. Қай кезде де қиналғанға қол ұшын созуға әзір Алдар көсе, әдеттегідей астамшыл адамның сыбағасын береді.
Мақсат Сахиұлы, актер:
- Бұл қандай жағдай болмасын, қандай қиыншылық болса да адамдардың бірбіріне көмектесуі жайындағы спектакль. Актер ретінде маған оңай болды деп айта алмаймын. Бірақ бәрін үлкен құлшыныспен жасадым, қызығушылығым болды.
Қойылым соңында Шығайбайды сабасына түсірген Алдар көсенің әрбір әрекеті жас көрерменге ой салары ақиқат. Ал спекталь аяқталғанда балалар сахнаға лап қойып, сүйікті кейіпкерлеріне гүл шоғын ұсынды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!