Күн сәулелі балалар – өмірге еш өкпесі жоқ, әр сәтін қадірлей білетін жандар
Жанарға жас ұялатқан туынды! Режиссер Нияз Әбдіғапардың бұрын-соңды болмаған, шынайы оқиғаға негізделген «Күн сәулелі балалар» атты фильмі көрерменге жол тартпақ. Картинада ерекше балалардың тағдыр-тауқыметі мен оның шарасыз халдегі жақындарының жай-күйі суреттелген. Өмірдің әр сәтін бағалап, қолда бардың қадірін білуді жеткізуге тырысқан.
Автор: Салтанат Шырынхан
17.09.2019
Даун синдромы, аутизм, церебральды сал ауруы. «Күн сәулелі балалар» фильмі дәл осы ауруларға тап болған кейіпкерлер жайында. Өзгелерден ерекше туылған олар дендеген дертімен күресіп күн кешуде. Тіпті өмірге айтар уәждері жоқ.
Фильмнің бас кейіпкері 27 жастағы Артур шетелде оқып, туған қаласына оралады. Өз мекенінен жұмыс іздеген жас жігітке «Ерекше балаларға арналған» орталықта жұмыс істеу бұйырады.
Режиссер тың туындыны түсіруді бір жарым жыл бұрын ойға алған. Тіпті сценариін жазу үшін аталмыш сырқат түрлерімен ауыратын 100-ге жуық баланың ата-анасымен тілдескен. Нияз Әбдіғапар олар көрген қиындықты сезініп, өміріне еніп көрмейінше, жылы картинаның шықпайтынын, жүрегі жетпейтінін айтады.
Нияз Әбдіғапар, режиссер:
- Олардың өмірге артар еш өкпесі жоқ. Әр сәттері мен минуттарын қадірлейді. Көптеген сылтауы бітпейтін, тағдырларына көңілі толмайтындар осы фильмді көріп сабақ алып, бағасыз байлықтарының қадіріне жетсе екен деймін.
Фильм Нұр-Сұлтан қаласында бір айға жуық түсірілген. Басты кейіпкерлердің рөлін Нияз Әбдіғапар, Шәріп Серік, Азиз Бейшеналиев және Әсем Ибраева сомдайды. Ерекше балалар жайлы бізге беймәлім деректерді жеткізуге тырысқан олар фильмнің ешкімді де бейжай қалдырмайтынына сенімді.
Шәріп Серік, актер:
- Олардың ішінде титтей жамандығы жоқ. Біреуді алдау дегенді білмейді. Іші таза, ашық балалар. Тек балалар емес, үлкендер де осы балаларға қарап үйренетіні көп.
Фильмнен түскен қаражаттың бір бөлігі ерекше балаларға арналған қайырымдылық қорларына аударылмақ.
Қыркүйектің 19-ынан бастап талайларды тәнті қылатын туындыны бірге тамашалайық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!