Өрт! Жиһаз цехының станоктары күлге айналып, бір әйел мерт болды
Адам өмірін жалмаған жалын! Алматыда жиһаз цехы өртеніп, бір адам ажал құшты. Әйелдің денесін құтқарушылар үйінділердің арасынан тапты. Ол өндіріс ошағының қызметкері екен. Қазір қылмыстық іс қозғалып, өлім мен өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
17.09.2019
От сағат 12 шамасында бояу цехында тұтанып, лезде күш алған. Лапылдап жанған жалынды алғашында өндіріс ошағының қызметкерлері өшіруге барынша тырысыпты. Алайда өрт дес бермей, одан сайын өрши берген.
Цех маңында абыр-сабыр. Жұмысшылар іштегі қымбат кілем, маталарды сыртқа шығарып әлек. Діттегендері – сау қалған дүниені сақтап қалу. Ал құтқарушылар өндіріс орнында мата, ағаш, мақта сынды жанғыш заттардың көп болуы сөндіру жұмысын қиындатты дейді.
Ерлан Әлібеков, Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары:
- Осы жерге Алматы қаласы гарнизонының 20 өрт сөндіру техникасы жіберілді. 60 өрт сөндіруші жұмыс жасап жатыр. Цехтардың ішінде арнайы синтепон мақта, тез жанғыш заттар көп. Біздің зертханамыз осы өрт орнында.
Арнайы штаб құрылып, оқиға орнында аудан әкімі де төбе көрсетті. Атқамінерлер газ құбырларын дер кезінде өшіріп жойқын жарылыстың алдын алғандарын айтады. Ал миллиондаған шығынға батқан цех басшысы тілшілерге үн қатуға шамасы жоқ.
Өрт сөндірушілер тілсіз жаумен бір жарым сағаттай арпалысып әрең дегенде ауыздықтады. Қызыл жалын 1200 шаршы метр аумақты шарпып, жиһаз жасайтын цехтағы ағаштар мен станоктар түгел күлге айналды. Қазір өрттің шығу себебі мен шығын көлемі анықталуда.
Нағыз сұмдық жайт өрт сөндірілгеннен кейін белгілі болды. Құтқарушылар қирандыларды жинап жатып әйелдің өлі денесін тапты. Төтеншеліктер 59 жастағы марқұмның денесі қатты жанып кеткенін жеткізді.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі:
- 1960 жылы туылған В. есімді азаматша сол ғимаратта орналасқан жиһаз цехының маманы екен. Өлімнің нақты себепсалдарын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Полиция абайсызда болған адам өлімі бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Қайғылы жағдайдың нақты себебі сараптама қорытындысынан кейін анықталады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!