Көкшетау тұрғындары жаңа нысанның құрылысына қарсы шықты
Көкшетау қаласында бірнеше көпқабатты үй тұрғындары жанында салынатын жаңа нысанның құрылысына қарсы шықты. Онсыз да балалар ойнайтын ауласы, адам жүретін жөнді жолы жоқ жерге үй салуға кім рұқсат берген деп шулады. Жеке компания өкілдері қолымызда құжатымыз бар, жақында бәрібір бес қабатты үйдің құрылысын бастаймыз деп тұрғындарға қыр көрсетіп кеткен.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
18.09.2019
Ашынып ащы даусы шыққан тұрғындар құрылыс компаниясының басшыларын дайын құжатымен кездесуге келгенде бір-ақ көріпті. Бұған дейін олардан рұқсат сұрамақ түгілі, ескерткен жан болмаған. «Онсыз да ауласының астан-кестеңі шығып аяқ алып жүре алмай жүргенде не басынғаны», - дейді ұлтарақтай жерді жекенің меншігіне берген әкім-қараларға ашулы жұрт.
Майра Әбдірахманова, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Жобалаушылар, әкімдік, прокуратура қайда? Сұрақ – соларға. Жерді беру үшін арнайы талап бар емес пе? Қалай мына үйдің іргесіне жапсарлас тағы үй салмақ. Бұл жерден кәріз құбыры өтеді. Бірнеше көп қабатты үйдің тұрғындары әрібері жүреді. Бұл жерде сонда адам тұрмай ма? Халықпен неге санаспайды? Біз қарсымыз! Бәрібір салғызбаймыз!
Жұрттың бұлай дүрлігуіне себеп: ауланың тарлығы соншалық, қоқыс жәшіктері терезе түбіне орналасқан. «Қолқаны жаратын иістен желдеткішті ашпауға тырысамыз», - дейді олар. Ойдым-ойдым жермен келетін көлікті қоятын арнайы тұрақ та жоқ екен бұл жерде. Ал құрылыс компаниясы құжатымызда «мін жоқ» деп отыр.
Қуаныш Серікбаев, «Жігер-Көкше» ЖШС атқарушы директоры:
- Біз бұл 6 сотық жерді аукционға қатысып биыл наурыз айында сатып алған едік. Жер телімі үй салуға арналған. Учаске аукционға дейін жанжақты тексерілді емес пе? Әкімнің қаулысы да бар, міне. Құрылысты бастауымыз керек. Тұрғындардан рұқсат сұрау біздің құзырымызға жатпайды.
Көкшетау қаласының бас сәулетшісі Бауыржан Тәшметов: «Тұрғындардың аула туралы шағымы – орынды, келесі жылы осы жердің аулалары түгелімен күрделі жөндеуден өтеді», - дейді. Ал аукцион арқылы сатылған 6 сотық заң жүзінде іске асты деп отыр. Бірақ дауласқан жұрттың тоқтар түрі жоқ.
Аттандап далаға шықпақ түгілі, жерге көлденең жатып алса да тұрғындар наразылығын пысқырып тұрған ешкім жоқ. Құрылыс компаниясы қалайда бес қабатты үйді тұрғызамыз деп отыр. Тұрғындар неше жерден қатып тұрған құжаты болса да, құрылыс салынбайды дейді. Қазір олар тиісті орындардың бәріне шағым хат әзірлеп, қол жинап жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!