Шымкент: Мүгедектер жылға жуық далаға шыға алмай қиналып отыр
Шымкентте көпқабатты үйде тұратын мүгедектер далаға шыға алмай жатыр. Өйткені мүмкіндігі шектеулі азаматтар, тұл жетімдер мен көпбалалы отбасылар тұратын 9 қабатты үйде лифт іске қосылмаған. Былтыр қолданысқа берген кезде «бірер күнде іске қосылады» деген жеделсаты сол күйі сәндік құрал болып қалыпты. Ал арбаға таңылғандар мен зағип жандарға көшеге шығу – арман.
Автор: Бек Әбиев
19.09.2019
Бірінші топтағы мүгедек Талғат Тілеубаев жаңа пәтерге былтыр көшіп келген. Арбаға таңылған азамат үйден бірнеше айда бір рет қана шығамын дейді. Оның өзіне не туыстарын немесе бірнеше көршісін шақыру керек. Өздігінен жүріп-тұруы қиын мүгедекке жедел сатының жұмыс істемегені нағыз азап болып тұр.» Таза ауа арман болды» деген Талғат Тілеубаев күнұзаққа теледидарға телміруге мәжбүр.
Талғат Тілеубаев, бірінші топтағы мүгедек:
- Желтоқсанда кірдік, содан бері сыртқа шыға алмай жатырмын. Білесіздер, жаз ыстық болды. Ауа жетпей қалды. Бір өтінішім, жеделсатыны жөндеп беріңіздерші, шығу қиын болып жатыр.
Тоғыз қабатты үйге былтырдан бері 144 отбасы көшіп кірген. Ондаған жыл пәтер кезегінде тұрған мүгедектер, көпбалалы отбасылар мен жетімдердің келе сала қуанышы су сепкендей басылды. Пәтерлерде жылу мен газ түгілі,тіпті су да болмады дейді. Ақша жинап әркімге жалынып жүріп өздері қостырған. Енді лифтті істеп беруін өтініп те талап етіп құзырлы органдарға хатты қарша боратып жатыр.
Зебен Сабырова, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Менің үйімде екі мүгедек, сосын кемпірлерім бар. Алтыншы қабаттан түсеміз, 40 минут түсіп шығамыз. Не деген сұмдық?! Инсульт алған адамдар бар. Мысалы, балдақпен жүрген адамдар шыға алмайды. Бәрі аурулар. Мысалы, менің екі аяғым ауырады. Қазір есепте тұрмын, жоғарыға әрең көтерілемін.
Жұртқа апта сайын «құдай қаласа болады» деуден жаңылмай келе жатқан жауаптылар тілшілерге де сол сарындас жауап қатты. Жедел сатыларға қызмет көрсететін «Достар» компаниясының мәліметінше, лифтті көпқабатты үйге қондырған соң, басқа мекеменің құзырына өткен. Кейіннен өздері қайтып алған кезде құрылғының тоналғанын біліпті. Енді қажетті құрал-сайманды шетелден күтіп отыр екен.
Дархан Аққұмбеков, «Достар» компаниясының өкілі:
- Біз Қытайдан тапсырып әкелдік, ол зат дұрыс келмей қалды. Сол себепті қайта тапсырыс жасап алдырып жатырмыз.
Жеделсатыны тонағандар бойынша қазір полиция іс қозғап, қаскөйлерді іздестіріп жатыр. Ал жауаптылардың сөзінше, лифтіге қажетті бөлшектер шетелден тек бір айдан соң ғана келетін көрінеді. Көпқабатты үйде тұратын мүгедектер күздің ортасына дейін үйде отыра тұруына тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!