800 миллионға талас! Авторлар қоғамының басшылары арасындағы дау ушығып барады
Таласқа түскен 800 миллион! Қазақстан авторлар қоғамының бүгінгі және қазіргі басшылары арасындағы дау ушыға түсті. Ұйымды ұзақ жыл басқарған жазушы Марал Ысқақбай «қызметімізді рейдерлік жолмен тартып алып, есеп-шотымыз бұғатталды» деп дабыл қағып отыр. Алайда кезектен тыс жиын өткізіп, төраға ретінде сайланған жаңа басшы Балнұр Қыдырбектің айтар өз уәжі бар.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
19.09.2019
Екі тараптың теке-тіресінен белгілі ақын-композиторлар қаламақыларын, мекеме қызметкерлері жалақыларын ала алмай сенделіп жүр.
Қазақстан авторлар қоғамының бұрыңғы төрағасы базынасын бүкпесіз айтуға танымал ақын-композиорлардың басын қосты. Даудың басы ұйымның басшысын қайта сайлаудан басталған. Ұзақ жыл төраға болған жазушы Марал Ысқақбай дауыс беруге авторлардың бір бөлігі ғана қатысқанын алға тартады. Тіпті жиынға қоғамға мүше емес студенттер барған көрінеді. Сондықтан дауыс беру «әділетсіз өтті» деген пікірде.
Марал Ысқақбай, жазушы:
- Сотқа 289 адам қатысты деп тізім берген екен. Тізімдегі 130 адам қоғамға мүшелер. Қалғандары бөтен. Қазақстан авторлар қоғамның иесі бізбіз деп көптеген шаруалар кіріскен. Біздің мөрімізді көшіріп басқан. Мен бастықпын деп көптеген заңсыздықтарға барып жатыр.
«Жаңа басшы ұйымның есеп-шотындағы 800 млн теңгеге жуық қаражатты да өзіне аударып алған», - дейді ашынған топ. Салдарынан мекеменің 40 қызметкері бес айдан бері жалақысыз жүр. Оған қоса, елге танымал ақын-композиторлар, бас-аяғы 3700 автор қаламақыларын кімнен аларын білмей дал. Ал кей өнер қайраткерлері авторлар қоғамының тізгінін Балнұр Қыдырбекке беруге түбегейлі қарсы. Оған себеп те бар.
Алтынбек Қоразбаев, композитор:
- Қазақстанның еңбек ері Еркеғали ағамыздың тау Түргенде композиторларға арнап салған коттеджін, оның ішіндегі роялды жиырма бес мың теңгеге саттық деп жаздыртқан. Осы Балнұр ханым. Авторлар қоғамына сол азаматтар келетін болса, осы жерде талантаражға салады.
Жиналғандар теке-тірестің басы-қасында қоғамдық бірлестікте 5 жыл бас директор қызметін атқарған Байғали Есеналиевтің де жүргенін жеткізді. Алайда екінші тараптың айтар өз уәжі бар. Енді композиторлар одағымен қоса авторлар қоғамының төрағасы болған Балнұр Қыдырбек өзіне қатысты айыптаулардың барлығын теріске шығарды.
Балнұр Қыдырбек, Қазақстан авторлар қоғамының төрайымы:
- Шынын айту керек, ағаның алдынан өттім. Ешқандай мәмілеге келмегеннен кейін сөзді өзі аяқтады сотта, сөйлесеміз деп. Мемлекеттік тіркеу болған соң жұмысты қолға алдым. Есепшоттағы ақшаның барлығы менде. Бірақ авторлар туралы құжат Ысқақбайларда. Олар авторлар наразылығын туғызу үшін әдейі бермей отыр.
Қоғамға мүше шетелдік авторлардың наразылығы «осы қызметке келуіме түрткі болды», - дейді жаңа басшы. Ол шатқаяқтаған ұйым жұмысын жандандырмақ ниетте. Ал төрағалық қызметпен қоштасқысы келмейтін жазушы Марал Ысқақбай сайлау әділетсіз өтті деп сотқа арыз түсіріп үлгерген. Бір-бірін айыптап, араздасқан екі тарап енді сот залында кездеспек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!