Leo Leo! Баласын Түркия университетіне тіл үйренуге жіберген ата-аналар күйініп отыр
Алматыда оқу орталығының басшысына алдандық деп ата-аналар шу шығарды. Айтуларынша, орталық директоры балаларын Түркияның ең мықты университетіне тіл үйренуге жіберемін деп, миллиондап ақша жинап алған. Алайда балаларының келісімде көрсетілген оқу орнына бармағаны және қаражаттың қажетті жерге жұмсалмағаны анықталған. Яғни, қомақты қаржыны жинап алған директор оқу ақысын түгел құймаған болып шықты.
Автор: Салтанат Шырынхан
24.09.2019
Енді Түркияда тентіреп қалғалы тұрған балаларына алаңдаған ата-аналар мәселені тез арада шешуді талап етіп отыр.
Анадолы еліне тіл үйренуге аттанған балалардың ата-аналары жанын шүберекке түйіп отыр. Өйткені келісім-шартта көрсетілген жағдайдың бірі де жасалмаған. Түлектер миллиондап ақша төлеген кезде айтылғандай университетте емес, жекеменшік орында тіл үйреніп жүр. Әрі қонақүй емес, ең нашар деген жатақханада тұрып жатқан көрінеді.
Үмітжан Жақсылықова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- 2009 жылы қыздарымыз тұрып жатқан ол ауданда жер сілкінген. Ол елдімекен Түркиядағы ең арзан аудан болып саналатындықтан, жергілікті түріктер көшіп кеткен. Ал ұлдарды қылмысқа толы аудандардың біріне жайғастырған. Бұл 18ге толмаған балаларымызға өте қауіпті ғой.
Баласын Стамбұлдағы Медиполь университетінде тіл үйренсін деген әр ата-ана орталық басшысына 1 жарым миллионнан ақша аударыпты. Оның ішіне оқу курсы және жатақхана, тамақтары кіреді делінген. Бүгінде екі апта өтсе де өзгерген ештеңе жоқ.
Гүлмира Нысанбаева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Біз курсқа балаларымызбен бірге еріп бардық. Сөйтіп Медиполь емес екенін білдік. Шағын ғана жекеменшік тіл оқыту курсы. Тұратын жері тіптен алыс. Менің түсінбейтінім, құжатта көрсетілгендердің бірдебірі орындалмады, бұл алаяқтық емес пе? Ақшамызды да себепсіз жеп қойып отыр.
Наразы ата-аналардың сөзінше, оқу орталығының директоры жиналған ақшаны заңсыз жаратып жібергенін ашық мойындаған. Бүгінге дейін құрғақ уәдемен құтылып келіпті. Осылайша екі апта бойы төбе көрсетпеген ол бүгін ата-аналардың алдына шығып, келіссөзге келген. Бірақ камера алдында жауап беруден жалтарды.
Орталық басшысы балаларды түрік еліне таныс ағасы арқылы орналастырған. Әйтсе де мәселені екі апта ішінде қайткенде де шешетіне уәде етіп, қолхат жазып берді.
Мұзафар Махмұд, «Leo Leo» оқу орталығының директоры:
- Бұл мәселе екі апта ішінде шешімін табады. Бұл жағдайға байланысты сіздерден кешірім сұраймын. Қайткенде де барлық амалды қарастырамын.
Бүгінде ата-аналардың миллиондарды қайта төлейтін қаражаттары жоқ. Кейбірі тіпті несие алған. Енді берілген уақыт ішінде аталмыш жағдай шешілмесе, құзырлы орындарға шағым түсірмекші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!