Баянауыл әкімдік өкілдері күлге аналған аймақты аралап көрді
Баянауыл ұлттық паркіндегі алапат өрт сөндірілді. Мұны құтқарушылар ресми растамады. Дегенмен жергілікті әкімдік өкілдері күлге аналған аймақты аралап көргенін айтады. Бықсыған түтін де басылды деп мәлімдеді.
Автор: Жаңалық Ахаш
24.09.2019
Әйтсе де, шоқ тұтанып қайта өрт тұрмаса деп тілеуде. Сондықтан бір апта бойы кезекпен мамандар бақылайтын болады. Баянауыл аудандық әкімдігіндегілер құрғақ шөп өртенгенін айтады. Орман қоры аман қалды деп сендіреді. Енді ұлттық паркке келген шығынды арнайы комиссия есептейтін болады.
Үш күн бұрын Баянауыл ұлттық паркінде от тұтанып, жалын бес бірдей ауылдық округті шарпыған еді. Өртті сөндіруге павлодарлық құтқарушылардан бөлек, Екібастұз бен Ақсудан да адамдар шақыртылды. Тілсіз жаумен 500 адам арпалысты. Көршілес Өскеменнен тікұшақ алдыртуға тура келді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!