Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің кеңесінде бастама көтерді
Террористік, экстремистік және халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтардың бірыңғай тізімін жасау керек. Сондай-ақ, есірткіні интернет арқылы саудалауға жол бермес үшін заңнамалық база қалыптастыру қажет. Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордада өтіп жатқан Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 4-ші кеңесінде осындай бастама көтерді. Жиынға келген Қытай өкілі ресми Бейжің өзге елдердің мүдделерін кемсітпейді деп айтумен болды.
Автор: Ербол Тұрымбет
24.09.2019
«Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» деп аталатын жиынға Еуропа мен Азияның 65 елінен парламент делегаттары, 14 халықаралық парламенттік ұйым өкілдері келген. Демек әлемдік деңгейде айтылар ұсыныстарды ортаға салар ұтымды сәт осы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның о бастан ту қып ұстаған бейбітшілік бастамасы – ядролық қарусыздануды тілге тиек ете отырып, әлемді шайқап тұрған терроризммен күрестің жаңа үлгісін ұсынды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті:
- Парламентаралық қатынастарды нығайтып, бірлескен жұмысын заң жүзінде бекіткен дұрыс. Терроризмнің жалпы анықтамасын қалыптастыру керек. Оған қоса, террористік, экстремистік, ұйымдасқан халықаралық қылмыстық топтардың бірыңғай тізімін жасау қажет.
Назарбаевтың айтуынша, әлем бүгінде дамудың жаңа сатысына – цифрлық даму кезеңіне, жасанды интеллект заманына көшіп жатыр. Бірақ оның адамзат үшін қауіпті тұстарына дер шағында көңіл аудару керек.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті:
- Есірткіні интернет арқылы электронды немесе криптоәмияндарды қолданып саудалайтындарға шектеу қоятын заңнамалық база құру керек. Бірақ бұл кейбір елдерді шетке ысырып тастап, мәселені саяси ойынға айналдырмау қажет.
Жиынға келген әр елдің парламент өкілдерінің қай-қайсысы да отырыстың маңыздылығы жоғары екенін айтумен болды. Тек Қытай тарапы өкілінің баяндамасы өзгеше. Оның айтуынша, Қытай бейбітшілікке ұмтылу арқылы ғана дамығысы келеді. Ешкімге кедергі жасамай, бәрімен достық қатынаста болуды қалайды.
Ли Чжаньшу, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы тұрақты комитетінің төрағасы:
- Біз қысым көрсетіп, қайғы әкелетін жағдайларға қарсымыз. Әрбір елдің ол кіші болсын, үлкен болсын, тәуелсіздігіне құрметпен қараймыз. Бейбітшілік пен әділдікті ұстанатын қытай халқы өз болашағын әлемнің бүкіл елдерінің дамуымен байланыстырады. Қытай өз пайдасы үшін еш уақытта өзге елдердің, әсіресе көршілерінің мүдделерін кемсітуге бармайды.
Назарбаевтың айтуынша, бүгінде әлемге тағы бір қауіп төніп тұр. Егер үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кетсе, онда жаппай қырып-жоятын қару қолданылатын болса, онда ол адамзат өркениетін түбегейлі жойып бітуі мүмкін. Сондықтан қарудың бұл түрінен бас тартуды тағы бір еске салды. Айта кетейік, еуразиялық форум алғаш 2016 жылы Мәскеуде, одан соң Сеул мен Антальяда өткен еді. Осымен төртінші рет өтіп отырған форум жағрапиялық ауқымы мен қатысушылар саны жөнінен бәрінен асып түсті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!