АҚШ-тан репортаж! Қасым-Жомарт Тоқаев Бас ассамблеяда қандай мәселе көтереді?
Нью-Йоркте Біріккен ұлттар ұйымының Бас ассамблеясында саяси дебаттар қыза түсті. Әлемнің 196 мемлекетінен келген делегация жаһандық мәселелерді көтеріп, бейбіт жолмен тығырықтан шығудың жолын іздеп жатыр. Қазақстан президенті де БҰҰ-ның штаб пәтерінде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас ассамблеяда нендей мәселелерді көтермек?
Автор: Досжан Маратұлы
24.09.2019
Президент сессия тақырыбы аясында жаһандық мәселелерді, яғни кедейлікті жоюға, климатты сақтауға қатысты тың бастамаларын ұсынады.
БҰҰ-ның Бас ассамблеясы аясында 20-дан астам мемлекет басшысы баяндама жасайды. Тоқаев мінберге 11-ші болып шығады деп күтілуде. Дәл қазір Португалия президенті экологиялық қана емес, экономикалық мәселелерді көтеріп, оны шешу жолдарын ұсынып жатыр. Әр спикерге 15 минут уақыт берілгенімен, сағаттап сөйлеп кетсе де ешкімнің сөзін бөлуге болмайды. Сессия тәртібі солай.
1960 жылы Бас ассамблеяда бес сағатқа жуық сөйлеген Куба басшысы Фидель Кастро ең ұзақ баяндама жасаған спикер ретінде Рекордтар кітабына енген. Бұл жолы оның рекордының бұзылуы екіталай.
Біріккен ұлттар ұйымының баспасөз орталығында әлемнің 200-ге жуық мемлекетінен келген тілшілер жер жаһанға ақпарат таратып жатыр.
- Біздің президент мінберге Астана уақытымен нешеде шығады деп жоспарланып отыр?
Нұр-Сұлтан мен Нью-Йорк арасындағы уақыт айырмашылығын ескерсек, саяси дебаттардың басталғанына небәрі жарты сағат болды. Спикерлер белгіленген уақыттан асып кетпесе, Қасым-Жомарт Тоқаев биік мінберден Астана уақытымен түнгі үш шамасында баяндама жасауы тиіс. Тоқаевтың бастамалары ертеңгі жаңалықтарда берілетін болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!