Алматыда өгей әкесі сау тамтығын қалдырмай ұрған екі жасар бала өлім аузында жатыр
Алматыда өгей әке екі жасар баласын өлімші етіп ұрып тастады. Сәбиді есінен таңғанша соққыға жыққан соқталдай еркек, оны «ойнап жүріп құлап қалды» деп ауруханалардың біріне апарып тастаған. Денесінің сау тамтығы қалмаған бала қазір өлім аузында жатыр. Ал тырнақтай баланы тепкінің астына алған өгей әке қамауда. Сұмдық жайтқа смартфон себеп болған екен.
Автор: Аруна Ортай
24.09.2019
Қылмысын бірден мойындаған күдікті, сәби ұялы телефон сұрап жылап қоймаған соң оны тыныштандырмақ болғанын айтып ақталған.
Сұмдық жайт болған үй. Бұрынғы күйеулерінен екі ұлы бар әйел бұл үйде күдіктімен сарай жалдап тұрып жатқан екен. Қаладағы көлік жуу орталықтарының бірінде жұмысшы боп істейтін еркек сол күні ішімдік ішіп, үйінде қалып қойған. Оның орнына жұмысқа келіншектің өзі кетіпті. Балаларға бас-көз боп қалған өгей әке кішісін өлімші етіп ұрып тастаған.
Небәрі екі жастағы баланы үйінен сүйреп шығарған өгей әке көше бойынан бастап, ана дүкенге дейін оны оңдырмай ұрып барған екен. Бірақ көршілердің ешқайсысы баланың шыңғырған даусын естімеген. Дәл сол уақытта жұмыста болған әйелдің туыстары осыған ашынады. Екі жастағы сәбиге ешкімнің араша түспегеніне. Айтуларынша, өзінің өгей ұлына қол көтерген 34 жастағы еркек денелі, жұдырығы да жуан.
Ал сұмдық жайтқа смартфон себеп болған көрінеді. Бастапқыда, баланың өзі ойнап жүріп құлап қалды деген өгей әкесі, ақыры ұлы телефон сұрап, жылап қоймаған соң таяқпен тыныштандырмақ болғанын мойындаған. Шынашақтай баланы жұбатпақ болған еркектің жауыздығы жаға ұстатады. Соққыдан сәбидің сау жері жоқ. Басы жарылып жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Дәрігерлер оны әкесі тастап кеткен ауруханадан жедел орталыққа өздері жеткізіп, дереу ота жасапты. Аппаратпен ғана тыныстап жатқан баланың «тірі қалуы екіталай» деп отыр мамандар.
Дінмұхамед Руззидинов, Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы бас дәрігері орынбасары:
- Бала жасанды өкпе желденуімен жансақтау бөлімшесінде жатыр. Баланың жағдайы өте нашар. Өміріне қауіп төніп тұр.
Жезденің жауыздығына жаға ұстаған туыс жоқ. Сөйтсек, сәбидің соққыға жығылуы бірінші рет емес екен. Тепсе темір үзер азамат баланы бұған дейін де талай мәрте таяқтаған көрінеді. Алайда анасы араша түсіп, жабулы қазан жабулы күйінде қалып жүрген.
Нұржан Теңізбаев, баланың нағашысы:
- Бұрын ұрғанда сіздер неге араша түспедіңіздер? Сіз бауырысыз, ағасысыз?
- Неге түспеймін, түсіп жүрдім ғой! Әп-әйбат боп жүрген. Білмеймін ғой, аяқ асты не боп кетті.
- Бұған дейін полиция шақыртып шағымданған ба едіңіздер?
- Жоқ, не деп шағымданам, өзім еркек боп тұрсам.
- Өздеріңіз шештіңіздер?
- Шешіп тастаймын мен қажет болса.
Қамаудағы өгей әке Шымкент қаласының тумасы екен. «Қарақшылық» бабымен бұған дейін екі мәрте сотталып шыққан ол кінәсін бірден мойындады.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:
- Кінәсін мойындап, осы баланың ауыр халде жатқандығына қатысым бар деп толығымен мойындады.
Жұдырығы жуан өгей әке қазір қамауда. Жақын күндері бостандыққа шықпасы анық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!