Павлодарда подъезде қызға шабуыл жасаған қарақшыға іздеу жарияланды
Кіреберісте қылқындырған. Павлодарда подъезде 30 жастағы қызға шабуыл жасаған қарақшы іздестіріліп жатыр. Зардап шегушінің айтуынша, тасадан тап берген белгісіз жігіттің қолында пышақтың сабына ұқсас зат болған көрінеді.
Автор: Мақсат Мәлік
25.09.2019
Қаладағы көпқабатты үйдің бірінде болған оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Басын қымтап киінген жігіт кіреберісте қызға бас салып қылқындыра бастайды. Жанталасқан тұрғынның шама-шарқынша қарсылық көрсеткені байқалады. Алайда санаулы секундтан соң жігіт қаша жөнеледі. Зардап шегуші қатты жарақат алмаған. Қазір қарақшылық бабы бойынша іс қозғаған полицейлер оқиғаның жай-жапсарын анықтауға кірісті.
Жанна Белялова, Павлодар облысы ПД баспасөз хатшысы:
- Күдікті зардап шеккен жаннан ештеңені алмаған. Оның үстіне қыздың өзінде қандай да бір құнды зат болмапты. Ал күдіктінің не себепті мұндай қадамға барғанын ол қолға түскен соң анықтаймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!