Зообақты жабуға бастама көтерген белсенділер ұшты-күйлі жоғалған
Алматыда белсенді топ қаланың зообағын жабу туралы бастама көтеріп, әлеуметтік желіде петиция жариялады. Ал арнайы сайтта бұны 17 мыңнан аса адамның қолдағаны көрсетілген. Олар бұған зообақта жануарларға дұрыс жағдай жасалмауы себеп деп отыр. Ал мәселені көтерген қала белсенділері бүгінге дейін қара көрсетпеген. Мекеме басшылығы негізсіз шу шығарғандардың үстінен шағымданбақ.
Автор: Салтанат Шырынхан
25.09.2019
Бұл xайуанаттар бағына қатысты туындап жатқан алғашқы дау емес. Оның санитарлық талапқа сай еместігі, мұндағы аңдардың өліп жатқаны туралы осыған дейін де талай рет айтылған. Десе де, мекеме басшылығы мәселе зообақты жабумен шешілмейді деп отыр.
Досбол Бейсенбаев, Алматы xайуанаттар бағының құқықтық бөлімінің басшысы:
- Бұл петицияның жариялануынан түсінгеніміз, хайуанаттар бағындағы өздерінің теріс мүдделі, теріс көзқарастағы адамдардың жасап жатқан әрекеттері. Өйткені кез келген хайуанаттар бағында болсын, қоршаған ортада болсын ол хайуанаттардың өлуі, мерт болуы заңды нәрсе. Өйткені ол жасына, ауруына байланысты. Және ондай оқиғалар болғанда біз тиісті түсініктеме мен анықтама береміз.
Батырхан Тоғайбаев және Мария Жилякова деген алматылық белсенді бір ай бұрын хайуанаттар бағынын жабылуын талап етіп петиция жариялаған. Бүгінде оны қолдағандардың қарасы көп. Барлығы сайтта жүргізілген. Мұнда жануарларға дұрыс жағдай жасалмайтынын айтып зообақ жұмысын тоқтатуын талап еткен. Тіпті мұндағы аңдарды шетелдердегі хайуанаттар бағына тапсырып, таратуды ұсынған. Ал жануарларды қорғаушылар байбалам салудың қажеті жоқ екенін айтады. Жастар өзін көрсетіп қалу үшін осындай әккі әрекетке баруы мүмкін дейді олар.
Ангелина Котенка, жануарларды қорғаушы:
- Мен бұны хайп жасағысы келгендердің әрекеті деп ойлаймын. Негізінен петицияның ешқандай заңдық негізі жоқ. Керісінше, зообақты жапқанша, оны көркейту туралы ұсыныс неге жасамайды. Ал жануарларды шет елдерге тасу туралы ойы мүмдем миға сыймайды. Өйткені аңдар ол жаққа жеткізілгенше қырылып қалуы әбден мүмкін.
Петиция жариялағандар жайында нақты ақпарат жоқ. Кімдер екені де анықталмай отыр.
Мұндағы қызметкерлердің айтуынша, Алматы зообағындағылар тек аңдарды xалыққа көрсетумен ғана шектелмей, жойылып бара жатқан жануарлардың түрлерін сақтау және көбейтуді көздейді. Жұрт осыны түсінуі керек. Солай деген мекеме басшылығы енді негізсіз петиция жариялағандарды тауып, олардың үстінен құзырлы орындарға шағым жазбақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!