АҚШ-тан репортаж! Бас ассамблея аясында қандай келісімдер жасалды?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлем елдерін Қазақстаннан үлгі алуға шақырды. Сириядағы сойқанды тоқтату жолында еліміздің еңбегі ерекше деген мемлекет басшысы, соғыс ошағынан Қазақстан азаматтарын құтқаруға арналған «Жусан» операциясы жайлы да айтты. Өзге тараптардың ұстанымы қандай? Бас ассамблея аясында нендей келісімдерге келді?
Автор: Досжан Маратұлы
25.09.2019
Біріккен ұлттар ұйымы Қасым Жомарт Тоқаевтың екі жыл қызмет еткен таныс жері болғанымен, бұл оның президент ретінде алғаш рет сөз сөйлеуі. Баяндамасын жасауға тыңғылықты дайындалған мемлекет басшысы, мінберге асықпай көтеріліп, сөзін әлемді бейбітшілікке шақырудан бастады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- Бүгінде ұлттар ұйымы ғаламдық даму және өркениеттер сабақтастығын қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарып келеді. Бас Хатшы Антонио Гутерештің Әр адам мен мемлекет тағдырын ортақ құндылық деп тауып, назардан қалдырмау идеясын Қазақстан қолдайды. Алайда қазіргі таңдағы геосаяси және геоэкономикалық өзгерістерге қатысты алаңдаушылығымызға толық негіз бар.
Мәлімдемесін қазақ және ағылшын тілінде жасаған Қасым-Жомарт Тоқаев, әлемді ядролық қарудан азат ету керектігін айтты. Өкініштісі, кейбір елдер жойқын қаруды қол шоқпар ретінде әлі де пайдаланып отыр. Әрі Таяу Шығыс, әсіресе Сириядағы қырғынға алаңдаушылық білдірген мемлекет басшысы соғысты тоқтату жолында Қазақстан ұйымдастырған келіссөздердің нәтижесімен де бөлісті. Ұзақ жылдарға созылған соғыстарды тоқтату оңай емес. Десе де, жауласқан тараптарды бір үстел басына жинап, мәселені дипломатиямен шешуге мүмкіндік берген жөн.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- «Астана» процестері Сирияда соғысты тоқтатуға ықпал етіп жатыр. Мәселен, келіссөздер нәтижесінде тараптар келісімге келіп, қауіпсіз аймақтар құрылды. Әрі дінінен адасып, Сирияға кеткен жерлестерімізді «Жусан» операциясын өткізіп, елге қайтардық. Біздің ісімізді қайталағысы келетіндер болса, тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз.
Жалпы БҰҰ Бас ассамблеясының жұмысы енді ғана қыза түскендей. Сессияда сөз алған спикерлер бірінен соң бірі өткір мәлімдеме жасап, саммиттің көрігін қыздырды. Әсіресе террористерден төнген қауіп, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының зардабы ашық айтылып жатыр.
Антонио Гутериш, БҰҰ Бас хатшысы:
- Америка мен Қытай бір-бірін бағындырғысы келетін екі бөлек әлем секілді. Өз мүддесін ойлаған осы державалардың текетіресі ушығатын болса, дүние жүзі де екіге бөлініп, арты жаман болуы мүмкін.
Десе де, бұған бас ауыртып отырған АҚШ президенті жоқ. Керісінше Дональд Трамп Америка армиясы әлем бойынша ең қуатты екенін айтып, өзгелерге сес көрсеткендей. Құрама штаттардың 73 жастағы басшысы мұны Иран президентіне қарата айтқаны анық. Өйткені Хасан Рухани де бұған дейін АҚШ-қа азуын батырмақ болған еді. Бірақ, бұдан түк шықпайтынын Трамп бірден кесіп айтты.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- АҚШ Иранға қарсы санкцияны арттыра береді. Сондықтан бізбен жауласпай, керісінше, дос болуға шақырамыз. Меніңше басқа амал жоқ сияқты.
Ал Ассамблея отырысына Ресей тарапы қатысқан жоқ. Өйткені АҚШ олардың делегациясына виза беруден бас тартқан.
Осылайша Бас ассамблеяда көптеген мәселе көтеріліп жатыр. Нәтижесі де жоқ емес. Мұнда тараптар қоршаған ортаны қорғауға қатысты келісімге келіп, 77 мемлекет улы газдың ауаға таралуын тоқтатпақ. Еуро Одақ экологиямен күреске бөлінетін қаржы көлемін арттырып, көптеген мемлекет көмірден бас тартып, жасыл экономикаға көшуге келісім берді. Дегенмен уағдаластықтардың бірден орындала қоюы да екіталай.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!