Жаркент: Әскерге дені сау аттанған жігіт психикалық ауытқумен оралды
Сау баланы ауру қылған! Алматыда баласының денсаулығына алаңдаған ана әділдік іздеп шырылдап жүр. Жаркент қаласындағы 74261 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп келген Нұрсұлтан Қалыбекті дәрігерлер психикалық ауытқу белгілері бар деп стационарға емделуге жіберген. Алайда анасы әскерге жарамды болып аттанған ұлының аяқ астынан жынды атануы «мүмкін емес» дейді.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
26.09.2019
Ал ананың жанайқайын тыңдауға барған түсірілім тобымызға әскери емхананың қызметкерлері кедергі келтіріп, журналистерді лаңкестерге теңеді.
Видео мамыр айында түсірілген. Отан алдындағы борышын абыроймен өтеуге ант еткен жас сарбаздың қуанышында шек жоқ. Өйткені 19 жастағы Нұрсұлтан бала күнінен бері әскери қызметкер болуды армандапты.
Арада бес ай өтті. Десантшылар сапында сап түзеген сарбаз мүлдем өзгерген. Ештеңеге зауқы жоқ. Бетін бүркеп селкілдеп отыр. Әскери емхананың дәрігерлері оны жынды болудың аз алдында тұрғанын айтып, психиатриялық стационарға емделуге жіберіпті. Бұл жағдай ананың төбесіне жай түскендей әсер етті.
Гүлнар Сарытбекова, Н. Қалыбектің анасы:
- Кешегіге дейін олар протрузия, остеохондроз, жалпақтабан деген диагноз қойған. Келедіде, баланы псих деп шығарады. Солдатқа бергеніме өкінемін. Сапсау, құлшынып аттанған бала осындай жағдайға түсті.
Көп ұзамай емдеу мекемесінің қызметкерлері шығып, түсірілім тобымызға кедергі келтіріп әлек болды. Онымен қоймай, өзін капитан Садықовпын деп таныстырған адам бізді лаңкестерге теңеп, әскери полиция шақырды.
Кейіннен күзетілуі тиіс емдеу мекемесінің ашық-шашық жатқан қақпасы тарс жабылды. Ал өзін дөрекі ұстаған азамат емхана басшысының міндетін атқарушы екен. Оның әрекеті бауыр еті баласын уайымдап тұрған ананың да ашуын туғызды. «Әскерге сап-сау аттанған баламды өз дегенін істетпей қоймайтын осындай офицерлер ауыр халге жеткізген», - дейді Гүлнәр Сарытбекова.
Гүлнәр Сарытбекова, Н. Қалыбектің анасы:
- Бұрыңғыдай емес балам. Ол өтірікті жаны сүймейтін. Шындықты бетке айтатын бала еді. Не үшін кепкасын басып отыр. Өйткені ар жағында шындық жоқ. Оны көргісі келмейді. Қысым көрсеткен. Қысым көрсетпесе, бала мұндай бола ма?
Жаркент қаласындағы 74261 әскери бөлімінің командирі жас сарбазды әскери комиссариаттан өткізіп жібергеніне таң қалады. Өйткені жас сарбаз десантшы болуға жарамсыз болды дейді. Нұрсұлтан әскерге келгелі қайта-қайта ауырып, санитарлық бөлім мен госпитальдан шықпапты-мыс.
Арман Асанбай, 74261 әскери бөлімінің командирі:
- Ол өзі ауру бала екен ғой. Біздің арамызда жүруге болмайды ғой. Аяғы ісіп бастады. Мен өзім оның ерекшеліктерін байқамадым. Тыныш бала болды дейді.
Жас сарбаз енді Нұр-Сұлтан қаласындағы бас әскери клиникалық госпитальда ем-дом қабылдайды. Психиатрлар оған диагноз қою үшін кемі бір апта уақыт керек дейді. Одан кейін әскери-дәрігерлік комиссия нақты шешім қадылдамақ. Ал әділдік іздеген сарбаздың анасы кінәлілерді тауып, соңына дейін күресемін деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!