Мамедова соты: Куәгерлер шындығын жайып салды
Алматы облысында қатыгездікпен өлтірілген Батура Мамедованың өліміне қатысты алғашқы сот тыңдауы өтіп, куәгерлерден жауап алынды. Алматылық косметолог келіншектің өліміне қатысты азаматтық некеде тұрған ерлі-зайыптылар айыпталып жатыр. Олар - 28 жастағы Жангелді Қобыланов пен 27 жастағы Айдана Беренова.
Автор: Салтанат Шырынхан
27.09.2019
Қарасай аудандық сотында өткен алғашқы отырыста екі күдікті камерадан жүзін жасырып әлек. Азаматтық некедегі Жангелді Қобыланов пен Айдана Береноваға қарақшылық және адам өлтіру бабтары бойынша айып тағылған. Істі тексерген прокурор 40 жастағы келіншектің өліміне қатысты айғақтарды алға тартты.
Арыстан Әлікенов, мемлекеттік айыптаушы:
- Қобыланов жалға алған «Киа» көлігімен сағат он шамасында үйінен жұбайы Беренованы алып, такси қызметін атқаруға шыққан. Іле ауданы Көктерек ауылына көлік ұстап тұрған келіншек күдіктілердің көлігіне мінген. Үйіне апарар жолда әйелдің алтын алқасына көзі түсіп, арам ойға кеткен олар Батураны есінен танғанша соққыға жығып пышақтаған. Сосын Қарасай ауданында орналасқан Береке ауылының маңына көміпті.
Тергеу мәліметі бойынша, ерлі-зайыптылар марқұмның сөмкесіндегі 10 мың теңгесі мен мойнындағы алтын алқасын үзіп алыпты. Сөйтіп істі жасыру үшін барлық дәлелдерді жоюға тырысқан. Десе де, Көктерек ауылындағы Астана көшесінің бойына тоқтаған оларды көргендер көп. Ал Антон - оқиғаның басты куәгері. Ол тіпті көліктің нөмірін есте сақтап, күдіктілерді тез табуға көмектескен.
Антон Парфенов, басты куәгер:
- Көшемізде есерсоқтау бір бала бар. Жолға тұрып алып, бізге айқайлай бастады. Сол кезде тура алдына «Киа» келіп тоқтады. Достарымызбен бірге әйелдің көмек сұрап, жан дауысы шыққанын естідік. Маған өте жақын тұрды. Келіншекті қалай қинап, ұрғанын анық көрдім. Түртүсі, көлік нөмірі есімде жақсы қалды.
Парфеновтың айтуынша, көлік тоқтай салысымен, жүргізуші артқы орынға ауысып, әйелді төпелей түсіпті. Сөйтіп маңына адамдар жиылып қалғанын көрген ол қайта орнына жайғасып жүйтки жөнелген. Бұған қоса, тағы бір куәгер айыпталушылардан құжатсыз алтын алқаны сатып алғанын ашық айтуда.
Ерлан Қызылов, куәгер:
- Терезеге келіп: «алтын аласыз ба» деді. Есептедім де, 73 950 теңге, шамамен 74 мың болды. «Ұрланған ба? Өзіңіздікі ме?» деп сұрадым. «Өзімдікі» деді. Төлқұжатын сұрам едім, жоқ екенін айтты. Жігіттің өзі келді. «Ұрланбағаны рас па?» дедім, ол «жоқ» деген соң, ақшасын санап бердім де, үзілген алғаны алдым.
Айыпталушы Жангелді Қобыланов кінәсін жартылай мойындаса, Айдана Беренова өзіне тағылған айыппен келіспей отыр.
Алматы облысында мамыр айында із-түссіз жоғалған сұлулық салонының қызметкері Батура Мамедованың денесі үш аптадан соң көрші ауданнан табылған еді. Оны қатыгездікпен өлтірді деген күдікпен азаматтық некедегі ерлі-зайыптылар ұсталған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!