Күдебаев! Атышулы іске министр түсініктеме берді
Дәрігерлер қателікке бой алдыруы мүмкін. Алматының бас полицейі Серік Күдебаевтің ұлы Нұрсұлтан Күдебаевтің өліміне қатысты атышулы іске алғаш рет түсініктеме берген Денсаулық сақтау министрі ақ халаттылар қателік жасауы ықтимал деген болжамды жоққа шығармады. Алайда Елжан Біртанов тергеу жұмыстары заң талаптарына сәйкес жүргізіліп, толыққанды сараптама жасалуы қажет екенін айтты.
Автор: Мақсат Мәлік
27.09.2019
Елжан Біртанов, Денсаулық сақтау министрі:
- Тек қана заңның арқасында бүкіл қажетті зерттеу, экспертиза жұмыстары жүргізілуі қажет. Тек зерттеудің, анықтаудың негізінде ғана науқастың көз жұмуы дәрігерлердің жұмысына байланысты ма, әлде жоқ па, білеміз. Содан кейін түсінікті болады. Әрі қарай да тек заң негізінде шешім қабылданады.
Министрдің айтуынша, егер дәрігерлер шынымен қателікке жол беріп, кәсіби міндетін салғырт атқарса, мұндай олқылықтың адам өліміне алып келгенін анықтау қажет.
Еске салсақ, жақында Алматыдағы №4 клиникалық аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев пен анестезиолог Асқар Тұңғышбаев қамауға алынған еді. Бұл ауруханада Алматы полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаевтің ұлы Нұрсұлтанға ота жасалған. Алайда квадроциклден құлап жағдайы оңалмаған жігітті туысқандары Германияға алып кетіп, Нұрсұлтан сол жақта қайтыс болады. Бірақ жігіттің өлімінен соң қос бірдей дәрігер тұтқындалып, кейін аталмыш іске қатысты Мемлекет басшысының пікір білдіруіне тура келді. Содан кейін Тезекбаев пен Тұңғышбаев ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандыққа шықты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!