Тараздағы ЖОО жаңалығы студенттерді есеңгіретіп тастады
Тараздағы мемлекеттік екі жоғарғы оқу орны бірігетін болды. Бұл жаңалық студенттерді төбеден жай түскендей есеңгіретіп тастады. Хабарды естіп қайран қалған шәкірттер министрліктің бұл қадамына үзілді-кесілді қарсы. Наразы жастар шенділерден шешімдерін өзгертуді талап етеді.
Автор: Руслан Әбдіхалық
27.09.2019
Ел аузындағы қауесет ақыры шындыққа айналды. Тараз мемлекеттік университеті мен Тараз педагогикалық университеті бірігетін болды. Ал мұғалім даярлайтын білім ошағының шәкірттері бұған қарсы. Олар 50 жылдан астам тарихы бар оқу орны «жұтылып кетуі мүмкін» дейді.
Ерлан Нұрланов, ТарПУ студенті:
- Педагогикалық университеттің жойылып бара жатқанына қарсымыз. Егер ол университетке қосса, бізде педагог мамандығы даярлайтын оқу оны болмайды деген сөз. Таза педагог мамандығы бойынша диплом алды дегенді біз көрмейміз.
Студенттер ұстаздардың ұстаханасына айналған оқу орны «құрдымға кете ме» деп алаңдайды. Мазасы қашқан студенттер «білім сапасы да ақсауы мүмкін» деп күдіктенеді.
Ғалия Абылай, ТарПУ студенті:
- Көптеген шәкірттерді тәрбиелеп келе жатыр. Сол себептен Қазақстанның әр өңірінде осындай педагокиалық оқу орындары өзін сақтап қалса.
Ал педагогикалық университет басшысы елде мемлекеттік жоғарғы оқу орындарын ірілендіру саясаты басталғанын мәлімдеді. Осылайша білім ошағының ғылыми, кадрлық, қаржылық әлеуеттін арттыру көзделген дейді. «Бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз» деген пікірде.
Ержан Әмірбекұлы, ТарПУ ректоры:
- Студенттердің қатты алаңдауына негіз жоқ. Оқу ақысында да, сабақ процесінде де, сабақ кестесінде де. Оқытушылардың сабақ беру тәртібінде де үлкен өзгерістер болмайды.
Оқу орындарын біріктіру процесі басталғанымен, әлі жүзеге асырылған жоқ. Үкімет қаулысы шыққанша, екі білім ошағы жеке дара жұмыс жасай бермек. ТарМУ-де 13 мыңнан астам студент болса, ТарПУ –те 7 мыңнан асатын шәкірт бар. Ал енді құрылғалы жатқан аймақтағы ең ірі оқу орнын қай ректор басқарары әзірге белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!