Әкім орынбасары Бағдат Мәнізоровтің ісінде қандай құпия бар
Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров тергеу қапасында жатыр. Cыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басшысының бірінші орынбасары Олжас Бектенов шенеуніктің ұсталып қамауға алынғанын бүгін ғана растады. Алайда ол тергеу құпиялығына байланысты Мәнізоров ісінің мән-жайын ашып айтпады.
Автор: Әсем Қабылбек
27.09.2019
Олжас Бектенов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының бірінші орынбасары:
- Алматы облысының әкімінің орынбасары Мәнізоров ол расында да ұсталды. Біз оны растаймыз. Нақты ҚКтің қандай бабымен айыпталатыны, қандай бұлтартпау шарасы қолданылатыны қарастырылып жатыр.
Мәнізоровтың ұсталғаны туралы ақпарат кеше тараған. Ал Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі әкім орынбасарының ұсталғанын жоққа шығарып, оны іс-сапарда жүр деп мәлімдеді. Тіпті Олжас Бектенов те ештеңе білмейтінін айтқан болатын. Бірақ бүгін аталмыш ақпаратты өзі растап отыр.
57 жастағы Бағдат Мәнізоров Алматы облысы әкімінің орынбасарлығына 2019 жылдың шілде айында тағайындалған. Ал өткен аптада Шамалғандағы шойын жол бойындағы апаттан соң жергілікті халықпен кездесіп, көпір құрылысын биылдан қалмай бастауға уәде берген. Бағдат Мәнізоров бұған дейін Алматы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасын екі жыл басқарды. Әр жылдары «Шаған» сауда үйінің президенті, Алматы облысындағы Ақсу және Көксу аудандарының әкімі, «Айсер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры қызметін атқарды. Ал Алматыдағы Алатау ауданына 9 жыл әкім болған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!