Оқушы қыз телефонын қуаттаймын деп тоқ соғып өлді
Алматы облысында мектеп оқушысы телефонын қуаттаймын деп ажал құшты. Қайғылы оқиға осыдан екі күн бұрын Бестөбе ауылында болған. 9-сыныпта оқитын қыз үйінде телефонын тоққа сұғып, әуен тыңдап жатқан екен. Осы сәтте жасөспірімді тоқ соққан. Оқушы оқиға орнында жан тапсырыпты. Қазір істі полиция тергеп жатыр.
Автор: Диас Нұрақын
30.09.2019
Телефонын қуаттаймын деп қаза тапқан қыз Бестөбе ауылының тұрғыны. 14 жастағы оқушы өткен сенбі күні смартфонын тоққа сұғып, өзі әуен тыңдап жатқан екен. Осы сәтте оны тоқ соққан. Жасөспірім төсегінде жатып тіл тартпай кетіпті. Қыздарының тоққа түсіп көз жұмғанын полицияға ата-анасы хабарлаған.
Серік Үпиев, Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі:
- Оқушы қыздың қайтыс болғаны туралы дерек ата анасынан келіп түсті. Аталған дерек қайғылы оқиға ретінде тіркелді. Яғни, қыздың тоқ соғып қайтыс болғаны анықталды. Оқиға орнынан телефон қуаттайтын құрылғы табылды.
Марқұм Қаратал ауданындағы Максим Горкий атындағы мектепте оқыған. Былтыр ғана басқа мектептен ауысып келген қызға сыныптастары да тез бауыр басып қалыпты. Құрбылары оны өте ұқыпты, білімді, спортқа жақын еді деп еске алады. Марқұм баскетболдан аудандық қыздар құрамасы сапында ойнаған.
Аяжан, ауылдасы:
- Баскетболға қатысатын. Анасына қолқанат, сүйікті қызы еді. Ешкімде шаруасы жоқ, пәк қыз. Ешкімнің ала жібін аттамаған.
Қарапайым телефон қуаттағыштан қаза тапқан оқушының қайғысы барша мектеп ұжымының қабырғасын қайыстыды. Марқұмның сынып жетекшісі смартфон ұстайтын өзге оқушыларды аса абай болуға шақырады.
Гүлнар Жанысбаева, марқұмның сынып жетекшісі:
- Ұялы телефон қолданып жүрген балалар өте абай болыңыздар дегім келеді. Сақтаныңыздар, сақтықта қорлық жоқ. Енді Алуаның өзіне келетін болсам, тамаша ақкөңіл, ақжарқын оқушы еді. Біз қайғырып, атаанасына, тума-туыстарына көңіл айтамыз.
Оқиғаның ақ-қарасын аудандық полиция қызметкерлері анықтап жатыр. Әзірге ақау шыққан телефонның қайда жасалғаны белгісіз. Оны тәртіп сақшылары сараптамаға жіберген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!