Петропавл: Мақтаған театр тойына шақырмайды
Петропавлдық өнер сүйер қауымның арман - тілегі орындалмайтын түрі бар. Шенділер жер-көкке сиғызбай мақтаған жаңа театрдың құрылысы биыл бітпейтін болып шықты. Өңірдің бас құжатына айналуы тиіс өнер үйі халыққа есігін тәуелсіздік күні айқара ашуы керек болған. Құрылыс жұмыстарының кешігу себебі неде?
Автор: Руслан Әбдіхалық
30.09.2019
Макеттегі театр көрерменнің көптен бергі тілегі болатын. Кескін-келбеті ерекше өнер ордасы қаланың ең көрнекті жеріне тұрғызылатын боп келісілген. Шенділердің өздері бұл Қазақстанда баламасы жоқ театр деп бас қосудың бәрінде жарнама жасап жүрді. Алайда өңірдің басты құжатына айналуы тиіс нысанның құрылысы биыл бітпейді. Бұған тапсырыс беруші мердігер компанияны айыптайды.
Серік Мұхамедиев, СҚО құрылыс басқармасының басшысы:
- Астаналық компанияның мұнда жұмыс істеуге мұршасы болмай жатыр. Анығын айтқанда, жұмысшылары жоқ. Оларға адамдарды басқа өңірден алдыру қымбат. Ал жергілікті құрылысшылармен келісе алмады. Өйткені олардың қолы бос емес.
Астаналық мердігермен келісім-шарт былтыр қазанда жасалған. Құрылыстың аяқталу мерзімі 2020 жылдың - қыркүйегі. Шенділердің мәліметінше, компания басшысы нысанды биыл жыл соңына дейін тапсырамын деген. Сөйтіп ақшаның бәрін аудартып алыпты.
Серік Мұхамедиев, СҚО құрылыс басқармасының басшысы:
- Ғимарат келесі жылы пайдалануға берілгеннің өзінде, қазір барлық құрылыс кестесі бұзылған. Енді бұл үшін айыппұл салатын боламыз. Бүгінгі таңда тек 919 млн. теңге игерілген. Бірақ жыл соңына дейін келісім бойынша 1 млрд 600 теңге жаратылуы тиіс еді.
Басталған құрылыстың өгіз аяңмен жүріп жатқанын аңғару қиын емес. Әзірге тек ғимараттың қаңқасы ғана тұр. Жұмысшылардың да жандаласқан қарқыны байқалмайды. Ал нысанның өзі тәуелсіздік күніне пайдалануға берілу тиіс болған. Бірақ, мақтаулы театр есігін қашан айқара ашары әзірге белгісіз. Ал мердігер бюрократиялық әуре-сарсаңның салдарынан кешікті деп ақталды.
Нағызхан Қиязов, компания бас директорының орынбасары:
- Бар жұмыста кемшіліктер болады. Бірақ олар түзетуге болатын қателіктер. Жобада біз келіспейтін, өзгертуді қажет ететін дүниелер болды. Біз сол үшін тиісті орындарға бас аяғы 28 хат жаздық. Бұл қағаздар тапсырыс берушіге жетіп, одан жоба авторына барып, өзімізге қайтып келгенше уақыт өлтірдік.
Шенділер шатқаяқтаған шаруаны енді мықтап қолға аламыз ант-су ішті. Тіпті шаруадан шашау шықпау үшін мердігердің жұмысы енді қатаң бақылауда болады дейді. Ал егер серіктестік тағы бір мүлт кетсе, келісімді бұзуға бекінген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!