Күдебаев ұлының өліміне қатысты күмән тудырғандарға министрдің өзі жауап берді
Қос дәрігерді қамауға Серік Күдебаевтың ықпалы болмаған. Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы өз ұлының өліміне байланысты күдікке ілінгендерге қатысты қызмет бабын пайдаланды деп күмән тудырғандарға Ішкі істер министрі бүгін осылай деп жауап берді. Ерлан Тұрғымбаев тергеуге өз ведомствосының қатысырылып та жатпағанын айтты. Дәрігерлер ісіне, тіпті, марқұмның прокурор әріптестері араластырылмай жатыр екен.
Автор: Аруна Ортай
01.10.2019
Атышулы істі жүргізу тек экономикалық тергеу департаментіне сеніп тапсырылған. Яғни, Тезекбаев пен Тұңғышбаевтың полиция басшысы ұлының өліміне кінәлі, не кінәсіздігін дәлелдейтін дәйектерді жинаумен тараптарға қатысы жоқ орган қызметкерлері айналысатын болады.
Үкімет отырысынан көңілді шыққан министрдің күлкісі Күдебаев туралы сұрақтан соң сап тыйылды. Алматы полиция департаменті басшысының аты аталған атышулы іс туралы мәлімдеме жасаудан тартынып жүрген Тұрғымбаевты журналистер ә дегеннен қоршап алды. Сол себепті де, министрге дәрігерлер ісінде көпшіліктің күдігін келтірген сауалдарға жауап беруге тура келді. Оның ең бастысы – Күдебаев өз қызметін асыра пайдаланбады ма деген сұрақ.
Ерлан Тұрғымбаев, Ішкі істер министрі:
- Ол Қазақстан азаматы ғой! Оның да құқықтары бар! Баласы қайтыс болды. Тергеу жүріп жатыр. Енді тергеу біткеннен кейін бәрі анықталады.
Қызметкерін қызғыштай қорғаған генерал тергеумен мүлдем басқа органның айналысып жатқанын айтты. Яғни іске не Серік Күдебаевтың өзі, не қайтыс болған ұлының әріптестері араласып жатқан жоқ. Нұрсұлтан Күдебаев есін жоғалтқан отаның анық-қанығын экономикалық тергеу департаменті анықтап жатыр. Десе де, «Күдебаев дәрігерлерге өштесіп алды, қалай болғанда да қаматпай қоймайды» деген халық арасында қауесет тараған. Сол себепті, оны қызметінен шеттету керек деген мәселе де көтерілген-ді. Бірақ министрдің бұл жайында ойы басқа.
Ерлан Тұрғымбаев, Ішкі істер министрі:
- Ол кісі қызметінде! Неге шеттетілмей отыр? Не үшін? Баласы ғой! Баласы қылмыс істеген жоқ қой! Баласы қылмыс істегенде бір жөн. Баласы қайтыс болып кеткен адамды...
Мәліметтерге қарағанда, Нұрсұлтан Күдебаев жауырынын емдету үшін №4 қалалық ауруханаға өз аяғымен барған. Алайда бұғанасына жасалған отадан соң халі нашарлаған. Содан үш апта есін жия алмай жатқан екен. Ақыры шетелге апаруға тура келген. Туыстары марқұмды Германияға алып кетуге дәрігерлердің өздері үгіттеген деп отыр. Одан бөлек, бастапқыда айтылғандай, ол жақта Нұрсұлтанға ешқандай ота жасамаған екен. Жігіт Германияға жеткізілген бойда көз жұмған. «Қалай дегенмен де істің ақ-қарасын тек сот шешеді» - деп, тоқ етерін айтты министр.
Айта кетейік, Нұрсұлтан Күдебаев төрт ұлдың үлкені болған. Жасы 29-да еді. Артында үш баласы қалды. Кенжесі екі жаста.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!