{metadescription}
Хостел сол жағалау тұрғындарының тынышын кетірді
Хостел сол жағалау тұрғындарының тынышын кетірді

Хостел сол жағалау тұрғындарының тынышын кетірді

Көресінді хостелден көріп отыр! Елордада сол жағалауда тұрғындары қиын жағдайға тап болды. Көпқабатты үйдің екі пәтерін хостелге айналдырып жіберген. Бір пәтерде 40-қа жуық адам тұрады. Солар бүкіл үйдің тынышын алған көрінеді. Жаптырайын десе, заңның солқылдақтығынан тиісті орындардың шамасы жетпей отыр. 40 адам тұратын пәтердегі ахуал қандай?

Сол жағалаудағы мына тұрғын үй кешені Ақорда, Парламент, Үкімет ғимараттарына, министрліктер үйіне жақын жерде тұр. Осындағы екі хостел тұрғындарға маза бермей, әкімдікке шағымдануға мәжбүр болыпты.

Жанна Ахметова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

Ылғи ішіп жүреді. Үйдің кіреберісінде, лифтіде қоқыс тастайды. Бір рет біреуі мас күйінде лифтінің есігін тепті. Ішінде баламмен тұрғам. Балаға қарамай, аузына келгенін айтты. Ішінен шыққанша жаным қалмады.

Тұрғындардың айтқаны рас екен. Пәтерге кіріп барғанымыз сол еді, бірінші көрген адамымыз есін жия алмай отырған жігіт болды.

Қашаннан бері тұрып жатқанын, қайдан келгенін жөндеп айта алмады. Отырған жері – ас үй. Төрт бөлмелі пәтерді иесі хостелге айналдырған. Ішінде 40-қа жуық орын бар. Осынша адам тұратын жердің санитарлық жағдайы айтпаса да түсінікті шығар. Бұл жағдай көршілерін де шаршатқан.

- Небір адамдар келіп кетеді. Біз ондай еркектерден қорқамыз. Алдыңғы жылы бүрге дей ме, бір нәрсе болады екен, жыбыржыбыр етіп үйге кірді.   

Көбісі құрылыста істейтін жас жігіттер. Төрт бөлменің бірінде қыз-келіншектер тұрады. Бәрі де бет-жүзін көрсетуге үзілді-кесілді қарсы. Ал фотолардағы көрініс бес күн бұрын болған қанды оқиғадан қалған із. Пәтердегі екі жігіт араздасып, бір-бірін пышақтаған. Көрші тұратын Айжан сол жағдайдың куәгері. «Таңғы 3-4 шамасында қабырғаның арғы жағынан дүрсіл мен айғай естідім. Жиһаздарды қиратып жатқанын естігенде төбелес басталғанын түсіндім», - дейді.

Айжан Мұқанова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Есікті сәл ашып қарасам, екі жігіт бірбірін қуып балконға қарай жүгіріп шықты. Сол жерде төбелесіп, біреуі айғайлап көмекке шақырды. «Жарамды таңыңдар, жедел жәрдем шақырыңдар!» деп жатты. Қанды көрген бойда дереу полицияға телефон соқтым.

Бұл үйде хостелге айналдырған екінші пәтер бар. Біріншісіне қарағанда жинақылау демесеңіз, мұнда да бір қауым ел тұрып жатыр. Күндіз бәрі жұмыста. Санап шықтық, 24 орын. Алдымыздан шыққан әкімші қыз қанша адам бар екенін білмейді де. 

- Қанша адам тұрасыңдар?

- Төрт адам, нақты білмеймін. Бірақ 7 адамдай, 10 шақты адам тұрамыз.

Тұрғындардың айтуынша, хостелдер 3-4 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Үй тұрғындары екі жыл бұрын да қала басшылығына шағымданған екен. Бірақ нәтиже болмапты. Тиісті орындар да заңның шикілігінен шара қолдана алмай отыр екен.

Сәдуақас Байғабылов, Нұр-Сұлтан қаласы Тауарлардың қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

- Санитарлық ережелерде хостелдерге қатысты талап жоқ. Сондықтан біз оларды тексере алмаймыз. Тіпті, хостелдердің жұмысын реттейтін заң да жоқ. Оның үстіне мұндай жатақхана шағын және орта бизнеске жатады. Оны тексеруге елімізде мораторий жарияланған.

Тұрғындар екі хостелді жаптыруға тағы да жаппай қол жинауға кірісті. Ұсыныстарын қала әкімінен бастап барлық тиісті орындарға жолдамақ. Әзірге қолдан келері осы ғана.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде